Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алмасбек Садырбайдың ұсталуына байланысты түсінік беріп, аталған мәселенің Алматы облысына да қатысы бар екенін растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Мен бұл мәселені зерттедім. Субсидия алуға өтінімдер электронды форматта беріледі, содан кейін олардың талаптарға сай екені тексерілуі керек. Мониторинг жұмыстары барысында асыл тұқымды мал шаруашылығындағы талаптардың сақталғанын тексеру биылдан бастап қана жүзеге асырыла бастайды деп ойлаймын. Осыған байланысты ережеге өзгерістер енгізілді. Субсидияның негізгі мақсаты – жай малды асылдандыру. Бірақ бұл бір жылдың ішінде орындалатын шаруа емес, көп уақыт пен күшті қажет етеді. Соның салдарынан осындай жағдай туындаған болуы мүмкін”, – деді Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, 6 қарашада Садырбай өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген.
Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу.
"Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.
Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған", - деп хабарлады бұған дейін ҚМА.
Кейін Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамаққа алынды.
Ал ұсталғанынан екі апта бұрын Алмасбек Садырбаев Арман Абдоллаға сұхбат берген. Садырбаев өз сұхбатында елдегі нан бағасының қымбат екенін айтып, оның шын бағасы 50 теңге болуы керегін де айтты.
Сондай-ақ, Қазақстанда қашан ашаршылық болатынын да болжаған.
”Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталған кезде Қазақстанда ашаршылық болады. Себебі, Ресей бүкіл әлемді азықтандырушы ел ғой. Ол Беларусьпен бірге бар құшағын ашып, саудасын доллармен өткізеді. Ал біз соңғы қалған фермерлерден де айырылып жатырмыз. Агроөнім өндіретін мамандар жоқ бізде. Осы себептен де Қазақстан соғыстан кейін ашаршылыққа ұшырайды”,- деді ол.