Алматы облысында 16 жастағы оқушы қызды зорлады деп айыпталған төрт жігіт ақталды

Көркем Алдабергенова 19 ақп. 2026 17:04

Алматы облысының Тұздыбастау ауылында 16 жастағы мектеп оқушысын зорлады деп айыпталған төрт жігіт ақталып шықты. Оқиға 2024 жылғы 8 қазанда болған, деп хабарлайды Dalanews.kz Batyr Jamal-ға сілтеме жасап.

Оқиға қалай болған?

Сол күні Аружан (аты өзгертілген) жаттығудан жаяу қайтып келе жатқанда, қасына ішінде төрт жігіті бар көлік тоқтаған. Олардың жасы 18 бен 23 аралығында болған. Жігіттердің бірі өзін қыздың сол кезде әскерде жүрген ағасының досымын деп таныстырса, екіншісін Аружан бұрыннан білетін, олар бір мектепте оқыған.

Жігіттер кешкі уақыт қараңғы екенін айтып, қызды үйіне жеткізіп салуды ұсынған. Жолай көлік басқа бағытқа бұрылғанда, Аружанды «алдымен бір досымызды үйіне апарып келейік» деп тыныштандырған.

Алайда олар қызды елсіз жерге апарып, зорлаған. Кейін Аружанды бүкіл отбасына зиян келтіреміз деп қорқытып, түсірілген видеомен бопсалаған.

Қорқыныш пен үнсіздік

Қорқып қалған қыз ұзақ уақыт бойы ешкімге тіс жармаған. Туыстары оның мінез-құлқындағы өзгерісті байқағанымен, мұны ҰБТ алдындағы күйзеліс деп ойлаған. Шындық тек 17 қазанда, сынып жетекшісі Аружанның ауырсынуды басатын дәрілерді шамадан тыс ішіп жүргенін анасына айтқаннан кейін белгілі болған.

Үйде анасы «Кетанов» дәрісінің бос қаптамаларын тауып алады. Алғашында қызының асқазанында кінәрат бар деп ойлап, дәрігерге апармақ болғанда, Аружан бәрін айтып берген.

Дәлелдердің жоғалуы және тергеу

Туыстары оқиға болған жер маңындағы дүкеннен бейнебақылау жазбаларын алуға тырысқан. Алайда бейнелер бір тәулік қана сақталатындықтан, ол кезде жазбалар өшіп кеткен.

Отбасы бірден полицияға жүгінген. Алайда жәбірленуші тараптың анасының айтуынша, тергеу мен сот әдейі созылған. Тергеу тек 2025 жылдың шілдесінде аяқталып, сот процесі өткен жылдың қыркүйегінде ғана басталған.

Осы уақыт ішінде ауыл ішінде түрлі қауесеттер тарап, істің мән-жайы жұрт арасында талқыланған. Қоғамдық қысымға шыдамаған қыз екі рет өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.

Соттағы даулы тұстар

Туыстары іс бойынша бұлтартпас дәлелдер болғанын айтады. Олардың қатарында дәрігерлердің қорытындысы, биологиялық сараптама нәтижелері және күдіктілердің бірінің бастапқыда берген мойындау жауабы бар. Алайда ол кейін бұл сөзінен бас тартқан.

Сонымен қатар, жәбірленуші жақтың айтуынша, айыпталушылардың бірінің телефонынан өзге қызды зорлау сәті түсірілген видео табылған. Бірақ судья бұл материалды іске қоспаған.

Сот-медициналық сараптама дене жарақаттары тіркелгеніне қарамастан, жыныстық қатынастың күш қолдану арқылы болғанын дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз деген қорытынды жасаған.

Апелляция

Айыпталушыларды ақтау туралы үкім 29 қаңтарда шыққан. Аружанның туыстары бұл шешімді әділетсіз деп санап, Алматы облыстық сотына апелляциялық шағым түсірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove