Боксшы Жәнібек Әлімханұлының командасы тағы да мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Спортшының менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, қазір мамандар жұмыс істеп жатыр.
"Жәнібек ақ! Тыйым салынған ешқандай зат қолданбайды! Бокстағы допинг дауы бойынша мамандар айналысып жатыр. Промоутер, менеджер мен заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Жәнібек те, мен де ештеңе жасай алмаймыз, біздікі тек күту! Барынша аз уақытқа шеттетілу бойынша жұмыс жасалып жатыр. Қайғырып отыра бергеннен ештеңе шешілмейді. Бұдан да өтеміз", - деді ол.
Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсанда Куба боксшысы Эрисланди Ларамен жекпе-жекке шығуы тиіс еді. Алайда кездесу болмайтыны ресми түрде хабарланды. Бұған себеп: қазақстандық боксшының анализінен тыйым салынған препарат табылған.
Кейінірек туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына пікір білдірді.
