Соңғы кездері бағамы құбылып тұрған доллар көптің ығырын шығара бастады. Дүдамалықтан шаршаған кейбірі депозиттегі теңге түріндегі ақшасын долларға айырбастауға көшкен. Мұндайда "тұрақты шегенделген бір бағам тәсіліне неге көшпейді екенбіз" деген сауал көптің санасында бір жылт етері сөзсіз. Тура араб Әмірліктеріндегідей.Еліміздің бас банкирі Тимур Сүлейменовтен сұқбат алған Арманжан Байтасов та осы сұрақты оған қойып көрді,деп жазады Dalanews.kz.
"Біріккен Араб Әмірліктері, сол секілді Сауд Арабиясының жөні бөлек. Олар бір ақша бағамын қанша жыл ұстанып келеді? 30 жыл ма?.. Бұған макроэкономикалық алғышарттар, яғни халық пен ел резервтері көлемінің арақатынасы тұрғысында қарау керек. Бұл арада мигранттар емес, елдің барлық әлеуметтік игілігіне ие жергілікті азаматтары туралы айтып отырмын. Ал бұл арақатынасты алып қарастырсақ, олар бір ақша бағамын қалаған уақытына дейін ұстай алады. Бұл - біріншіден. Екіншіден, Әмірліктер экономиканы әртараптандыруда өте үлкен прогреске қол жеткізген. БАӘ - бұл қаржылық хаб, сондай-ақ ондағы қарыштап жатқан туризмді есепке алмағанда, іс жүргізу, жылжымайтын мүлік және бизнес қызметтері бойынша хабтар. Соның арқасында араб елдері табиғи ресурстар табысына қатты тәуелді емес, яғни шикізат циклдерінің ықпалына әлдеқайда аз ұшырайды, сондықтан олар бағамды ұстап тұру үшін қордағы ақшасын "жақпайды". Үшіншіден, оларда мұнайдың бір баррелін өндірудегі өзіндік құн 7-10 долларды құрайды. Ал бізде бұл көрсеткіш жоғары. Оның үстіне біздің шикізатты тұтынатын нарықтардан да өте алшақ жатыр, яғни бұған тасымал шығындары келіп тағы қосылады. Яғни, біздің мұнай бизнесінің және онымен байланысты резервтердің маржасы әлдеқайда төмен, бұл өз кезегінде шегенделген (фиксированный) ақша бағамын енгізуге мүмкіндік бермейді", - дейді Ұлттық банктің төрағасы.
Сонымен қатар, Сүлейменовтің пікірінше, теңге бағамын шегендеп бекіту деген "тұрақтылық иллюзиясы".
Күшті ақша бағамы экономиканы "жалқау" етеді
"Естеріңізде болар, 2010-шы жылдары теңге екі мәрте әкімшілік тұрғыда девальвацияға ұшырағаны. Резервтерді ысырап етпей, ақша бағамын белгілеу мүмкін емес. 2014-2015 жылдары ақша бағамын ұстап тұрған кезде нарық көріп-біліп отырды, қалыптасқан жағдайлардың нарықтық емес екенін, ал біз адамдарды резервтерімізбен "азықтандырып", бұл ретте Ұлттық қордың, тіпті Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен 30 млрд теңгеден астам ақшаны жұмсадық. Бірақ, ең бастысы, кейін сол ақшалардың орнын толтырмадық, әлі үңірейіп тұр", - деді бас банкир теңге девальвацияға ұшырап, 1 АҚШ доллар 180 теңгеден 360-380 теңгеге дейін қымбаттаған кезді ескі алып.
Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы ақшаның шегенделген бағамына көшу экономиканы дамытпайды, керісінше импортқа құмар етіп, кез келген жағдайға бейімделу қабілетінен айырады деп санайды.
"Ақша бағамы күшті болып тұрса, "бәрін шетелден сатып ала салайық, өндіріп қайтеміз оны ( ... )", деп шығамыз ғой ондайда. Онсыз да солай болды ғой бізде. Индустрияландырудың бірінші және екінші бесжылдықтарының нәтиже бермеуі көбінесе жасанды түрде "нығайтылған" әрі шегенделген теңге бағамымен байланысты, - деп түсіндіреді Сүлейменов.
Шегенделген (фиксированный) ақша бағамы жағдайында кез-келген ішкі экономикалық шешімдер қауқарынан айырылады.
"Өйткені "Ұлттық банк бар ғой, ақша бағамын уәде еткен жағдайға келтіре салады" деп қарап отырады бәрі. Ал бұл дегеніміз, ұлттық құзыреттілік шешімдері АҚШ-тың Федералды резерві құзыретіне өткенмен тең жағдай. Айталық, евроға шаққанда АҚШ доллары 10%-ға нығайды делік, демек, бағамымыз долларға байланғандықтан, біз теңгені де нығайтуымыз қажет болады".
Шегенделген ақша бағамына ЕАОЭ елдері де көшкісі жоқ
Сүлейменов, ең бастысы, Қазақстанмен экономикалық одақтағы бір елдер "ұлттық валюта бағамын шегендегісі" жоқ екенін баса айтады: қырғыздардың сомы еркін ақша бағамына, ресейліктердің рублі де еркін, яғни өзгермелі, өзбектердің сумы да ішінара өзгермелі бағамға сүйенеді.
"Мәселен, біз теңгені доллар бағамына байладық делік, ал рубль еркін кеңістіктегі өзгермелі бағамда болса, онда рубльге қарсы қатаң күшейту шараларын қолдану керек болады. Мысалы, Ресейде тауарлар арзандап, қазақстандықтар шекаралас аймақтарға лап қойған 2014-2015 жылдардағыдай жағдай ғой. Егер, керісінше болса, онда біздің активтер өзгелерге тартымды болады. 2022 жылы мұндай жағдай болды емес пе?..", - деп суреттейді бұл жайтты Сүлейменов.
Қараша айындағы жағдайдан Ұлттық банк қандай сабақ алды?
"Біз ақша бағамын қолмен реттемейміз. Қарашадағы жағдайға дейін Ұлттық банк тек 2022 жылдың көктемінде араласқан. Ал бұған дейін, яғни 2,5 жыл араласпадық. Ақша бағамы нарықтық сұраныс пен ұсыныстың әсерінен қалыптасады. Мен бұған өз атымнан куәлік ете аламын. Біз қор биржасында ойыншы ретінде қатысамыз, онда да Ұлттық қордан трансферттерді алып, айырбастау жөніндегі Үкіметтің агенті ретінде. Біз бұл трансферттерді нарықта сатамыз. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттің мөлшерін парламент алдын ала бекітеді. Біз трансферттерді әрқашан теңдей етіп сатуға тырысамыз, мәселен ай сайын бекітілген соманың 1/12 бөлігі. Әрі қарай, біз бұл "бөлікті" бір айдағы бизнес күндер санына байланысты 21 немесе 22 бөлікке бөлеміз. Тіпті бір биржалық күннің ішінде біз біркелкі сатуға тырысамыз: бізде биржалық робот бар, ол [сомаларды] уақыт аралықтарына қарай бірдей бөліп есептеп "енгізеді"", — дейді Сүлейменов.
Ол ЕАЭО бойынша серіктестердің Қазақстан экономикасына әсері бар әрі зор деп санайды.
"Өнеркәсіптік кооперация, Қазақстанның ірі кәсіпорындарының Ресейдің ірі кәсіпорындарымен байланысы деген бар, біздің көмір Ресейдің ЖЭО-на жеткізіледі, темір жолымыз Ресейге барады, шетелге мұнайды айдап жатқан КҚК Ресей арқылы өтеді. Тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтитын экономикалық одақтың қатысушысы бола отырып, біз серіктес елдерде болып жатқан оқиғалардан тысқары қала алмаймыз",- дейді бас банкир.
Оның айтуынша, экономикалардың осылай қоян-қолтық араласып жатуынан, әрине, бір-біріне әсері болады, бірақ теңгеміз рубль бағамына байланбаған.
"Осы рубльден кетейікші" дейтіндерді мен түсінбеймін. Жалпы, осы сөзді. Өйткені теңге рубль бағамына байланбаған. Иә, экономикалар арасында байланыс бар. Біздің [Ресеймен] арамыздағы сауда-саттық көлемі 30 млрд теңгеге жуықтайды (27-28 млрд теңге, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қанша болатынын көрейік), үлкен инвестициялық байланыстар бар, ресейлік капитал Қазақстанда [бар], қазақстандық капитал Ресейде дегендей, қаржылық қатынастардың да көлемі зор және т.б. Бұл - бұрыннан солай, біздің географиямыздың ажырамас бөлігі. Біздің экономикамыздың байланысын, валюталардың байланысын осылар анықтайды. Рубльге қандай да бір "байлану" деген жоқ",-деді Сүлейменов.
Ол ЕАЭО елдерінің сыртқы сауда саясатын қазір Еуразиялық экономикалық комиссия басқаратынын, бірақ ақша-кредит саясаты "мүлдем тәуелсіз" екенін айтты.
"Біз базалық мөлшерлемелер туралы, минималды резервтік және пруденциалдық талаптар және т.б. шешімдерді өзіміз қабылдаймыз. Оны ұлттықтан жоғары құзыретке ие органға өткізіп беру ниетіміз жоқ", — деп сөзін қорытындылайды Сүлейменов.
Айта кетсек, аталған мәселеге қатысты Dalanews.kz сайтында "Бюджет құрылымын зерделеген сарапшы: Біздікі тек сату мен шашу" деген мақала жарияланған болатын.