Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Түркістан облысында жеке үйде болған өрттен аман қалған үш адамның жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенаттағы брифингте ол екі ересек адамның жағдайы тұрақты екенін, олар Шымкентте ем алып жатқанын хабарлады.
"Барлық зардап шеккен адам Шымкентке жеткізілді, қажетті медициналық көмектің барлығы көрсетіліп жатыр. Балаға келсек, жағдайы ауыр, өте ауыр. Алматыдан мамандар қосылды, олар үздіксіз кеңес беріп отыр. Шымкентке де бейінді дәрігерлер келіп, емдеу тактикасын түзетті, жағдайын бағалады. Медициналық көмектің толық көлемі көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында", - деді Сұлтанғазиев.
Еске салайық, қайғылы оқиға 18 қарашада Түркістан облысына қарасты Алғабас ауылында болған. Жеке үйдегі өрт салдарынан 12 адам қаза тапты, тоғызы - балалар.
Мәліметке сүйенсек, өрттен қаза тапқан марқұмдар - бір әулеттің мүшелері.
19 қарашада өрттен аман қалған үшеудің бірі есін жиды.
