Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қазіргі ахуал туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін Президент Астана халықаралық форумының Пленарлық сессиясында сөз сөйледі.
«Сөзсіз, біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Әлемдегі ахуал өте шетін, тұрақсыз әрі кереғарлыққа толы. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға сай болуға тиіс.
Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. Қазіргі жүйені мұқият саралап, тың әдіс-тәсілдерге сүйену қажет. Соған сәйкес, орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс.
Жыл соңына таман Нью-Йоркте БҰҰ-ның 80 жылдығын атап өтеміз. 1945 жылы, яғни, дүние жүзіндегі сұрапыл соғыстан кейін 51 мемлекет бірге құрған бұл Ұйым бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынды. Бүгінде Ұйымға 193 ел мүше. Осылайша, ол әлемдегі құрамы әралуан, күрделі әрі өзара тығыз байланысқан қоғамдастыққа айналды», - дейді президент.