Әлемде түйе санынан екінші орындағы аймақ

Dalanews 19 қаз. 2018 10:52 1788

Жер жаннаты Жетісу – туризмнің қай саласын дамытуға да қолайлы аймақ. Алматы облысында көркі көз тартатын, табиғаты әсем жерлер мен агробизнес нысандары жеткілікті.

Соның бірі – «Даулет Бекет» шаруа қожалығы. Қожалық 28 мың гектар жерді алып жатыр. Мұнда малдарды баптап, қарауға арналған 20 қора бар. Өндірістегі түйе тұқымның көбін түрікпеннің «Аруанасы» мен қазақтың «Бақтрия» тұқымдары құрайды. Бүгінде Алматы облысы түйе санынан әлем бойынша екінші орында. Ал өз елімізде оның алдына түсетін ешкім жоқ.

Қожалық басшысы Сыдық Дәулетов ата кәсіпті дамытып, еліміздің мал шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген жандардың бірі. Бала күнінде қырық түйем болса деп армандаған ол, қазір алдына салған 5000 мың түйенің иесі.

Ол Өзбекстан елінің Қарақалпақстан автономиясында туып, өскен. 90-жылдары әкем «Балам, елге барайық» деген соң елге көшіп келіп, үй алдық. Әкем тек түйе сүтінің жоқтығына үйрене алмады, шұбат болмаса, қайтатынын айтқан. Сыдық ағамыз елге келген жылы жол жөндейтін компанияда дәнекерлеуші болып істеп, түйе алуға қаражаты да болмаған.

– 1993 жылы жұмыста қысқарту болды. Үш балам, әке-шешем бар. Сосын қолдан келетіні – тамақ жасау. Әйелім екеуміз таңғы төртте тұрып, манты жасап, базарға апарып сататынбыз. Адам кәсіп істеп, еңбек ақысын алса ол шаршамайды. Сондағы мақсат – әкеме түйе алып беру. Сөйтіп 1995 жылы әкем үшін бір түйе сатып алдым. Көзімді ашқалы білетінім, әке-шешемнің қорасында үш-төрт түйесі болатын. Егемендік алып, нарықтық экономикаға шыққанда «40 түйем болса, жаман болмаспын» деген ой келген-ді. Ол қолымнан келетін іс. Бала күнімнен түйе көріп, қасында ойнап өскенмін әрі ата кәсіп. Мен айналыспағанда кім айналысады? Бәрімізге бірдей қалада жұмыс жоқ. Әке-шешем сол үш-төрт түйемен бізді өсірді, оқытты. Қазақтың төрт түлігін бөліп-жаруға болмайды. Бірақ түйе шаруашылығы өзіме жақын. Бәрі де осылай басталды. Әкем үш-төрт түйе болғанын көріп кетті. «Осы түйеден айырылма, одан жаман болмайсың» деп батасын берді, – дейді қожалық иесі.

Түйенің пайдасын жұрт енді түсініп келе жатыр. Себебі біздің ағзамыз сүтке жақын. Сондықтан оның келешегі зор. Мысалы, көрші Қытайда түйе сүті 8 мың теңгені, Еуропада 12-15 мың теңгені құрайды. Ал бізде 500 теңге. Халқымыз осы нәрлі түйенің немесе биенің сүтін ішіп өссе, ұрпақтарымыз «елім, жерім» деп өсер ма еді?

Бүгінде серіктестік ұжымы шұбатпен қатар түйенің етін де, жүнін де кәдеге жаратуда. Қазір шұбаттың «Жақсартылған» және «Био» деп аталатын екі түрін шығарып отыр. Бұл өнім 2013 жыл 1 маусымнан бастап мемлекеттік стандартқа ие болып, Қазақ тамақ Академиясы тарапынан мақұлданып, сертификатталған. Шұбат израильдік шағын технология арқылы құйылады. Күніне 5 тонна пайдалы сусын өндіріледі, оның сақталуы 60 күн. Ең бастысы, ешқандай консервантсыз және басқа да қоспасыз, таза табиғи қалпында жасалады. Бір күнде түйелерден 3950 литр шұбат сауылады. Мұны жылға шаққанда 1 441 750 литр түйе сүті сауылады екен.

Ал «Құрт» пен «Балқаймақ» жаңа өнім болып саналады. Жаңа өнімдерді шығару қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызған. Қазір шаруашылықта шамамен 300-ге жуық адам еңбектенеді. Алматы қаласында және Қарасай, Іле аудандарында, облыс орталығы – Талдықорған қаласында шұбатханалар да ашылған. Аталған өнімдер Қазақстанның әр облысымен ірі қалалардың сауда орталықтарында және шетелдерде де сатылуда.

Сыдық Әбуұлы жай ғана кәсіпкер емес. Ол – ауылшаруашылық ғылымының кандидаты. Докторлық диссертациясын қорғауға дайындық үстінде.

Болашақтағы мақсаты – қазақ жерінде әлі өз деңгейінде зерттелмей жатқан түйе шаруашылығын зерттеп, академик атану. Осы сала бойынша зерттеу институтын ашу. «Шұбат келешекте қазақтың әлемдік деңгейдегі брендіне айналуы әбден мүмкін. Қазақтың кең сахарасында түйе шаруашылығы көптеп ашылу тиіс. Шұбат балалардың ішкі ішек ауруларына қарсы ем. Иммунитетін көтеріп, бойына қуат береді», – дейді Сыдық Әбуұлы.

Жарты ғасырды ерен еңбегімен, үлкен қажыр-қайратымен бағындырған Сыдық мырзаның шығар биігі, алар асуы әлі алда.

 

 

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Алматы облысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар