Алаяқтар WhatsApp-ты "бұзудың" жаңа тәсілін ойлап тапты

Көркем Алдабергенова 08 қаң. 2026 11:26

Алаяқтар WhatsApp аккаунттарын көзге түспей басып алудың жаңа әдісін қолдана бастады. Бұл тәсіл GhostPairing деп аталады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мамандардың айтуынша, жаңа схема SIM-картаны ауыстыруды, аккаунтты бұзуды немесе күрделі техникалық әрекеттерді қажет етпейді. Аккаунтты басып алу WhatsApp-та қосымша құрылғыларды тіркеу арқылы жүзеге асады.

Қалай алдайды?

Алаяқтар WhatsApp немесе Facebook атынан хабарлама жіберіп, сілтеме ұсынады. Ол сілтеме жалған сайтқа апарады. Онда «қолжетімділікті растау» деген сылтаумен пайдаланушыдан телефон нөмірі мен растау коды сұралады.

Егер адам осы кодты енгізсе, аккаунтты өз еркімен берген болып саналады. Осыдан кейін қаскөйлер хат-хабарламалардың бәріне толық қол жеткізіп, ұзақ уақыт бойы байқалмай отыруы мүмкін.

Аккаунттың бұзылғанын қалай білуге болады?

Аккаунттың бұзылған-бұзылмағанын тексерудің жалғыз жолы – WhatsApp-тағы «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қарау керек. Егер ол жерде өзіңізге белгісіз құрылғы көрсетілсе, аккаунт қауіпке ұшыраған деген сөз.

Не есте сақтау керек?

Осыған байланысты сарапшылар ескерту жасады:

  • WhatsApp ешқашан растау кодын сайт, хабарлама немесе қоңырау арқылы сұрамайды;
  • Қолданбадан тыс жерде код енгізу – 100% алаяқтық;
  • Бұл жеке деректер мен ақша жоғалту қаупін арттырады.
  • Мамандар пайдаланушыларды сақ болуға және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар