Семейде сәби өліміне қатысы бар экс-полицей өмір бойына сотталды

Семейде сәби өліміне қатысы бар экс-полицей өмір бойына сотталды
ЖИ: Dalanews.kz

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жаңа туған сәбиінің өліміне қатысты бұрынғы полиция қызметкерлеріне үкім шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, әйел жүктілігін жасырып, баланы үйде босанған. Тергеу мәліметінше, сәби тірі туған. Кейін оны қоқыс контейнеріне тастаған. Нәресте сол жерде тоңып қайтыс болған.

26 жастағы баланың әкесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал 21 жастағы анасына екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алайда ол рақымшылыққа байланысты жазаны өтеуден босатылды.

Бұрын ерлі-зайыптының екеуі де ішкі істер органдарында қызмет еткен. Сот оларды арнайы полиция атақтарынан да айырды.