Алатау қаласының бас кеңесшісі "Самұрық-Қазына" қоры директорлар кеңесінің құрамына алынды

Кәмшат Тілеухан 29 қаз. 2024 11:48 1450

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ директорлар кеңесінің құрамына Вонг Хэн Файн мырза қосылды. Ол Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы, сонымен қатар Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласының құрылысы мен жобасы бойынша бас кеңесші болып табылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ақпарат бүгін, 29 қазанда kase сайтында жарияланды.

"Самұрық-Қазына" директорлар кеңесінің құрамында Вонг Хэн Файн премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың орнын басқан екен.

Мұндай шешімді қордың жалғыз акционері-Қазақстан Үкіметі 2024 жылы 19 қазанда қабылдады. Директорлар кеңесінің құрамы жеті адамнан тұрады. Оны ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов басқарады. Өзге мүшелерін атап айтсақ, олар: ҚР Президентінің кеңесшісі Ерұлан Жамаубаев, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов және төрт тәуелсіз директор — Болат Жәмішев, Лука Сутера, Мұхаммед Жамил Әл Рамахи және Вонг Хэн Файн.

Айта кетсек, Алматы облысында Жетіген ауылының орнында Алатау қаласы пайда болмақ. Бұл туралы Жарлыққа Тоқаев 2024 жылдың қаңтарында қол қойды. 2024 жылдың мамырында жаңа қаланың бас жоспары қабылданғаны, құжат сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленгені белгілі болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар