Алатау ауданы балабақшалары іргесі қаланған сәттен бастап бақылауда болды

Dalanews 28 сәу. 2016 01:36 1238

Алматы қаласы күн өткен сайын кеңейіп, көз алдымызда көркейіп келеді. Біздің бұл сөзімізге алып қаланың аумағы өсіп, Алатау мен Наурызбай аудандарының пайда болғаны айқын дәлел бола алады. Қала іргесіндегі шағын елді мекендер бүгінде Алматыға қосылып, жаңа аудандарда сәулетті нысандар бой көтеруде. Бүгінде, әсіресе Алатау ауданы қарқынды даму жолына түсіп отыр. Соңғы төрт-бес жылда аудан аумағында заман талабына сай көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Тіпті, тақыр далада Алғабас сынды шағын аудан пайда болып, қала тұрғындарына қуаныш сыйлағаны анық. Таяуда Алатау ауданына қарасты Қарасу ауданында №177 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Эльмира Нұршаевамен сұхбаттасып, аудандағы әлеуметтік мәселелердің қалай шешілгенін білдік.

 

– Эльмира ханым, бүгінде өзіңіз басқарып отырған балабақшаның іргетасы қалана бастағанда меңгерушілікке бекітіліп, жұмысты құрылыс басынан бастағаныңызды естідік. Балабақшаны басқарудан бөлек, салуда да мол тәжірибе жинаған сияқтысыз.

dalanews sadik (4)– Дұрыс айтасыз. Өзіңіз көріп отырған 320 орындық балабақшаның іргесі қалана бастаған сәтте мені Алатау ауданының әкімі мен Аламаты қаласы білім бөлімінің басшылығы балабақшаға меңгеруші етіп бекіткені рас. Өзіңіз де білесіз, Алматы қаласы бойынша Алатау ауданында көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Сол мекемеге жауапты басшылардың бәрі ғимараттарының іргетасы қаланып жатқанда қызметке қабылданды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуде жоба-жоспардан ауытқыған жоқпыз. Ғимараттың ішін жоспарлағанда құрылысшылар бізбен ақылдасып отырды. Мен бұған дейін балабақша меңгерушісі, әдіскер болып мектепке дейінгі білім беру саласында мол тәжірибе жинаған едім. Сол кезде балабақшалардағы кемшіліктерді қайталамауға тырыстым. Кейбір құрылыс компаниялары жұмыстарын асығыс істеп, кейбір жерлерге сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланатынын естіп жүрміз ғой. Бірақ біздің Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров мырза құрылысшыларға қатаң талап қойып, мұндай кемшіліктің кетуіне жол берген жоқ. Әкім мердігер компаниялардың басшыларына кез келген әлеуметтік нысан басшысының сын-ескертпесін басшылыққа алып жұмыс істеуде талап етті. Нәтижесінде құрылысшылар балабақшаның ішін әрлеуде, есік-терезесін салып, жиғаздар орналастырғанда менімен ұдайы ақылдасып отырды. Мектепке дейін білім беру саласында ұзақ жыл жұмыс істегендіктен біздер қабырғаны қандай түспен бояуды және балаларға қандай жиһаз алудың қажеттілігін білеміз ғой. Осы тұрғыдан мердігер компанияға ақыл кеңесімді беріп отырдым. Балабақшаның есік-терезесін салғанда бірнеше компаниялардың топтамасын алдыма жайып тастап көрсетті. Тіпті есік-терезе сататын мекемелерге барып, заттарын қолмен ұстап, көзбен көрген кездеріміз де болды. Бәрін саралап шыққаннан кейін ұнатқан сапалы есік-терезелерімізді қойғыздық. Міне, балабақшамыздың ашылғанына 4 жыл уақыт өтті, бірде-бір есік тереземіз сынып, өңін жоғалтқан жоқ. Сапалы дүние болғандықтан әлі күнге дейін өңін бермей тұр. Балаларға қажетті жиһаз таңдау кезінде де сапасы мен түсіне ерекше мән бердік. Жиһаздарымыздың да бір шегесі түсіп, сынған емес. Бүгінде аудан әкімі Бағдат Сайланбайұлын заман талабына сай, сәні мен салтанаты жарасқан ғимарат салу үшін біздің құрылысшылардың қасына неліктен қосып қойғанын енді түсініп отырмыз. Өз басым Алатау ауданы құрылған күнінен бастап, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп келе жатқан Бағдат Мәнізоровтың еңбегі орасан зор деп есептеймін.

– Қарасу ауданы байырғы елді мекен екенін білеміз. Мұнда қазақ орыс, түрік, грек, кәріс – бәрі аралас тұратынын білеміз. Сонда бәрі балаларын осы сіздердің қазақ балабақшасына әкеліп жүр ме?

dalanews sadik (3)– Рас. Қарасу – көпұлтты аудан. Бірақ халқы тілге байланысты бөлінгенін көрген емеспін. Мұндағы жұрттың қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Мен мұны ауданымызда қазақ балабақшасы ашылғанда анық байқадым. О баста бізге басқа ұлт өкілдері балаларын әкелмейтін шығар деп ойладым. Обал не керек, біз ашылған күні ауданымыздағы өзге ұлт өкілдері «балаларымыз қазақ тілін білсін» деп бізге алып келіп тапсырды. Бүгінде, өзге ұлт өкілдері бала жастайынан қазақ тілін тез үйреніп кететінін түсініп отыр. Сондықтан балабақшамызда тілге қатысты түсініспеушілік болмады. Мен өзімнің жұмыс тәжірибем барысында қазіргі таңда қазақ тілін үйретуде балабақшалардың үлесі зор екенін байқап отырмын. Алдағы уақытта қазақ балабақшасында тәлім алған азаматтар ат жалын тарап мініп, азамат болғанда қазақ балабақшаларының еңбегі сол кезде анық байқалатын болады.

– Жаңадан істі бастаудың қаншалықты қиын екенін түсінеміз. Балабақша жұмысын жолға қою кезінде маман тапшылығын сезіндіңіздер ме?

– Әрине, қандай іс болсын қиындықсыз болмайды. Ең алғаш осында осы балабақшаның меңгерушісі бекітіліп, құрылыс басына келгенде топырағы бұрқырап жатқан ен дала болатын. Сол кезде ойымда «халық балаларын балабақшаға алып келе қоя ма екен?» деген қорқыныш болды. Бірақ менің күдігім күн өткен сайын сейіле берді. Қазіргі таңда балабақшамызда 72 адам еңбек етеді. Оның 32-і бала тәрбиесіне жауапты педагог мамандар. Бәрінің білімі – жоғары. Әуел баста маман тапшы болғаннан кейін қазақ тілі, тарих, ағылшын тілі мамандықтарын меңгерген қыз-келіншектерді жинап, алғашқы ұжымды жасақтауға тура келді. Балабақшаға жұмыс істеуге ниеттеніп келген қыздарға «мектепке дейінгі білім беру саласының маманы болуың керек» деп талап қоя алмадық. Педагогика мамандарын жинап, кейіннен олардың іс-тәжірибесін «Өрлеу» қайта даярлау орталығында біліктілігін шыңдауға тура келді. Кейде өзіміздің жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибемізді ортаға салып, жас мамандармен бөлістік. Осылайша қажетті мамандар шоғырын қалыптастыруға тура келді.

– Эльмира ханым, Қарасу ауданын толық қалыптасқан аудан деп атауға бола ма?

– Жоқ. Қарасу ауданы әліде болса өсіп-өркендеу жолында. Қазіргі таңда ауданымызда мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кешендері түсіп жатыр. Бұдан басқа қызыл сызықтың бойына үй салған тұрғындарға біздің ауданымыздан біршама жер телімдері берілді. Олар алдағы уақытта үй салып, Қарасу ауданының тұрғыны атануға күш салып жатыр. Сондықтан біздің аудан қалыптасу үстінде. Тағы бір айта кететін мәселе, қазір ауданымызда бір үйден балабақшаға үш-төрт бала әкелетін отбасылар бар. Бұдан ауданымызда демографиялық ахуал жоғары деңгейде жүріп жатқанын аңғаруға болады. Өткен жылдары бір жылда балабақшада жұмыс істейтін 18 қызметкерді декреттік демалысқа жібердік. Осы жайттан-ақ Қарасу ауданында демографиялық дүмпу жүріп жатқанын аңғаруға болады.

– Ауылдан екі қолға жұмыс іздеп келген халық та қала шетіндегі аудандардан пәтер жалдап тұратыны белгілі. Олармен жұмыс істеуде қандайда бір қиындықтар орын алып тұра ма?

– Иә, біздің ауданда пәтер жалдап тұратын жас отбасылар бар. Бірақ олар бізге ешқандай қиындық туғызып отырған жоқ. Бүгінде балабақшада жұмыс істейтін 70 адамның бәрі осы ауданның тұрғындары десем, қателеспеймін. Біздің балабақшада еңбек ететін қыз-келіншектердің біразы еңбек жолын біздің мекемеден бастағанын мақтанышпен айта аламын. Иә, оларды тәрбиелеп, біліктілігін көтеру ісі оңай болған жоқ. Қазіргі таңда сол бір күрделі кезеңде ауыз бірлігіміздің арқасында 2-3 жылда жүріп өттік.

dalanews sadik (2)

– Жыл басында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «қаладағы балабақшалардың құны 15 мың теңгеден аспасын» деп бұйрық шығаруы, көпшілік тарапынан қолдау тапқаны есімізде. Әкімнің бұл бастамасы сіздердің ауданда да қызу қолдауға ие болған шығар?

– Әрине. Біздің балабақша 320 орынға арналған үлкен мекеме ғой. О баста біздер балабақшаға келетін бала санын 320-ға толтыра алмадық. Кейіннен «Балапан» бағдарламасына еніп, балалардың санын арттыруға күш салдық. Ал қала басшысы Бауыржан Байбек мырзаның бастамасынан кейін бір айдың ішінде балабақшамыз бүлдіршіндерге толды. Қазіргі таңда толық қуатымызда жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Ата-аналар тек балаларының тамағына ғана ақы төлейді. Әкімнің бастамасы халықтың оң жамбасына келді десем, артық айтқандық болмас еді.

Эльмира ханым, қазір Алматыда жекеменшік балабақшалар көптеп ашылып жатқаны өзіңізге мәлім. Олардың жарнамасы да жер жарады. Білікті маман ретінде айтыңызшы, мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемелері жекеменшік балабақшалармен бәсекелесе алмай қалмай ма?

– Жоқ, мен бұлай деп ойламас едім. Жекеменшік балабақшалар жарнамасы он жерден мықты болса да олар да, біз де мемлекеттік стандарт бойынша әрекет етеміз. Өз басым біздің балабақша да, мамандарымыз да жекеменшік балабақшадан қалып тұр деп айта алмаймын. Иә, ата-аналар «балабақшада би мен ағылшын тілін үйрететін мұғалімдер болса» деп өтініштерін айтты. Біздер олардың тілегін Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Рахат Шимашеваға жеткіздік. Қазіргі таңда басқарма біздің ұсынысымызды қарастырып жатыр. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін тауып қалуы мүмкін.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар