Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан – мәдениеттер тоғысқан мекен

Ақтоты Жапатова 17 қыр. 2025 12:30

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуында елдің тарихына және қазіргі діни келісім үлгісіне тоқталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Мемлекет басшысы қазақ даласы ежелден өркениеттер мен діндердің тоғысқан мекені болғанын атап өтті.

«Қазіргі Қазақстанда да біз осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға күш саламыз. Этносаралық және дінаралық келісім – еліміздің басты құндылығы», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына негізделген және әлемдік деңгейде бірегей модель ретінде бағаланады.

Президент киелі орындарды қорғаудың маңыздылығын да ерекше атады.

Оның сөзінше, Қазақстанда 18 конфессияға тиесілі 4 мыңға жуық діни бірлестік бар. Мемлекет Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Бекет ата мешіті, Тамғалы тас петроглифтері, синагогалар мен шіркеулер секілді қасиетті орындарды қорғап, қолдау көрсетіп отыр.

«Киелі жерлер – бейбітшіліктің, өзара құрмет пен мәдени саналуандықтың символы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар