Алматыда қатты жаңбырдан жол опырылып, көліктер бүлінген

Көркем Алдабергенова 17 қыр. 2025 09:15

Алматыда қатты жаңбырдан жол опырылып, көліктер бүлінген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінде болған. 

Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің аппараты ұсынған деректерге сәйкес, «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС мердігер ұйымы Аманжол көшесінде су және кәріз жүйелерін тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын орындаған. Бұл жұмыстар тарату желілерін салу жобасы аясында жүргізіліп, толық көлемде аяқталған.

Асфальтбетон жабынын қалпына келтіру жұмыстары уақытша кейінге шегерілген. Бұған «QazaqGaz» АҚ тапсырысы бойынша диаметрі 300 мм (болат) газ құбырын салу жоспарланғаны себеп болды. Мұндай шешім жол жабындысын қайта қазудан және тұрғындарға қосымша қолайсыздық тудырудан сақтану үшін қабылданған. Жабынды қалпына келтіру жұмыстары газ құбыры төселіп біткеннен кейін жүргізілуі жоспарланған.

Алайда ауданның барлық нөсер сулары қолданыстағы арық жүйесі арқылы осы көшеге ағып келетіндіктен, жол жабындысына түсетін жүктеме едәуір артқан. Сонымен қатар, 6 метрге дейінгі тереңдікте жүргізілген инженерлік желілер топырақ негізін әлсіреткен.

Осы жағдайлар мен қатты жауған нөсердің салдарынан көшеде шөгу пайда болып, жол жабындысының тұтастығы бұзылды. Соның нәтижесінде 2025 жылдың 16 қыркүйегінде жолдың опырылуынан 13 автокөлікке зақым келді.

Қазіргі уақытта Аманжол көшесі жабық тұр. Ертең таңертеңнен бастап көліктерді эвакуациялау, жерді шығару және балласт төсеу жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар көше толық тазартылғанға дейін жалғасады.

Сонымен бірге мердігер ұйым зардап шеккен көлік иелеріне келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттелді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар