Алматыда бір кештің өзінде айлық жауын нормасының жартысынан астамы жауды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
16 қыркүйек күні кешке Алматыда қатты жаңбыр жауды. Жауын-шашын сағат 16:00 шамасында басталып, мөлшері 15 мм-ге жетті. Бұл айлық норманың жартысынан көбі.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қаланың жоғарғы бөлігінде арықтардың толып кетуінен жолдардың кей учаскелері су астында қалған. Ауа райының салдарын жоюға 400-ден астам жұмысшы, 96 арнайы техника, 40 мотопомпа, 19 ассенизатор көлігі және 71 мобильді бригада жұмылдырылды. Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаменті мен «Қалалық құтқару қызметі» бөлімшелері де жұмысқа тартылды.
«Қазгидромет» болжамы
17 қыркүйекте ауа райы жауын-шашынсыз, ауа температурасы +18…+20 °C
18–19 қыркүйекте кей жерлерде жаңбыр мен найзағай, түнде тұман, күндіз +16…+18 °C
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қатты жаңбырдан жол опырылып, көліктер бүлінгенін хабарлаған едік.
Оқиға Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінде болған.