Қызылордада жеке балабақша көлігі апатқа ұшырады: әкім шұғыл жиналыс өткізді

Ақтоты Жапатова 17 қыр. 2025 14:24

16 қыркүйекте Қызылордада «Ералаш» жеке балабақшасына тиесілі көлік жол апатына түсті. Оқиға шамамен сағат 18:08-де ҚБИ мөлтек ауданындағы С.Ысқақов пен Есет батыр көшелерінің қиылысында болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция департаментінің дерегінше, апатқа екі көлік қатысқан.

«Аталған дерек бойынша оқиға орны заңға сәйкес рәсімделіп, тиісті құжаттар жинақталды. Оқиғаға байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 2 бөлігімен әкімшілік хаттама рәсімделді», - деді Қызылорда облысы ПД.

Балабақша көлігінде қанша тәрбиеленуші болғаны белгісіз.

Аталған жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Осыған орай бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балалардың жол қауіпсіздігіне қатысты шұғыл жиналыс өткізді.

Аймақ басшысы жауапты мекемелердің жұмысын қатаң сынға алды.

– Бұған дейін жеке және мемлекеттік балабақшалардағы тасымал мәселесіне байланысты бірнеше тапсырма бергенмін. Дегенмен, жұмыс әлі күнге дейін дұрыс ұйымдастырылмады. Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс. Барлық көлік құралдарын тексеріп, талапқа сай келмейтіндерін пайдалануға тыйым салыңдар, – деді ол.

Жиында полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов арнайы баяндама жасады. Оның айтуынша, тексеріс барысында 29 заңды тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 75 көлік айып алаңына қойылған, 58 көліктің мемлекеттік нөмірі тәркіленген.

Әкім білім, мәдениет, спорт басқармаларына және аудан әкімдеріне балалардың қауіпсіздігін мектепте ғана емес, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларда да қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Еске алайық, Қызылордада шілде айында балаларды тасымалдайтын балабақша көлігі апатқа ұшыраған болатын. Көлікте екі қызметкер мен 4 бала болды. Салдарынан ауыр дене жарақатын алған екі бүлдіршін облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Сондай-ақ балабақша тәрбиешісінің көмекшісі де ауыр хәлде ауруханаға жатқызылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар