Шымкентте кейінгі жеті жылдағы ең жоғары экономикалық өсім тіркелді

Шымкентте кейінгі жеті жылдағы ең жоғары экономикалық өсім тіркелді
gov.kz

Шымкентте кейінгі жеті жылдағы жалпы өңірлік өнімнің ең жоғары өсімі тіркелді. Бұл қаладағы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты қарқынын көрсетеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

2025 жылдың қорытындысы бойынша мегаполистің жалпы өңірлік өнімі 5,7 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 11%-ға артқан.

Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден (6,5%) айтарлықтай жоғары. Экономика көлемі бойынша Шымкент өңірлер арасында екінші орында, яғни Астанадан кейінгі орында тұр.

Экономиканың өсуіне өнеркәсіп өндірісінің дамуы, жаңа кәсіпорындар ашылуы және өңдеу секторындағы инвестициялық жобалар іске асуы елеулі үлес қосты.

Сонымен қатар, құрылыс саласы белсенді дамуы, тұрғын үй құрылысы көлемінің артуы, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуы және сауда айналымы кеңеюі де оң динамикаға әсер етті.

Жалпы өңірлік өнім құрылымы негізгі салалар теңгерімді дамып жатқанын көрсетеді. Мысалы, өнеркәсіптің үлесі - 20%, сауданың үлесі - 25,5%.

Жалпы қала экономикасы сенімді өсім көрсетіп отыр. Кейінгі үш жылда жалпы өңірлік өнім көлемі шамамен екі есеге өсіп, 2022 жылғы 3,3 трлн теңгеден 2025 жылы 5,7 трлн теңгеге жетті.

Шағын және орта бизнестің рөлі де айрықша атап өтіледі. Оның ЖӨӨ құрылымындағы үлесі 40,5%-дан 56%-ға дейін өскен. Бұл кәсіпкерлік белсенділік артып, экономиканың жекеменшік секторы нығайып келе жатқанын білдіреді.

Осылайша, қол жеткізілген көрсеткіштер Шымкент экономикасының жүйелі дамып жатқанын және оның елдегі негізгі экономикалық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын күшейткенін дәлелдейді.