"36 жыл өмір сүремін": Марқұм қазақ әншісінің бұрын жарияланбаған сұхбаты тарады (ВИДЕО)

"36 жыл өмір сүремін": Марқұм қазақ әншісінің бұрын жарияланбаған сұхбаты тарады (ВИДЕО)
ашық дереккөзден

2023 жылдың 24 ақпанында Darkhan Juzz лақап атымен танылған қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбеков Таиландта жол апатынан қаза тапқан еді. Арада уақыт өтсе де, өнер иесінің шығармашылығы мен айтқан сөздері жанкүйерлерінің жадынан өшкен жоқ. Желіде әншінің тірі кезінде берген сұхбаты қайта тарап, көпшілікті толқытты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аталған сұхбатта музыкант өзінің болашағы туралы ерекше ой айтқан. Ол бір кездері өмірі тым ұзаққа созылмайтындай сезінгенін, тіпті 36-37 жасқа дейін ғана өмір сүретіндей елестеткенін жеткізген.

"Мен өзімді 36-37 жасқа дейін ғана өмір сүретіндей елестететінмін. Бір қайғылы жағдайдан көз жұматын сияқтымын. Әуелі танымал боламын, сахнада жарқыраймын, содан кейін ғайып боламын деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт өте келе бұл ойымнан бас тарттым. Бақытты өмір сүргім келді. Қартайып, немерелерімді көргім келді, жарқын болашаққа сенгім келді", – деген еді музыкант.

Видео қайта жарияланғаннан кейін желі қолданушылары түрлі пікір жазды. Кейбірі бұл сөздерді әншінің ішкі сезімімен байланыстырса, енді бірі тағдырдың жазуы деп қабылдаған.

"Бәрін жүрегімен сезген екен", "Ерте кетті", "Тірі болғанда талай биікті бағындырар еді", "Жақсы сөз айтып жүру керек деген осы", – деп жазды жанкүйерлері.

Еске салайық, Darkhan Juzz 33 жасында Таиландта болған жол апатынан көз жұмды. Кейін Алматыда жүздеген адам Арбатқа жиналып, марқұмды еске алды. Жанкүйерлері гүл мен шам ұстап, оның әндерін орындап, өнер иесінің рухына тағзым еткен болатын.

Дархан Жүнісбековтің ең танымал әндерінің бірі – Erikpe. Қазір бұл туындыны әнші YENLIK орындап жүр.