Жамбыл облысында ер адам сотқа жүгіну арқылы көлігін бұғаттан шығарып, алимент бойынша қарыз көлемін азайтуға да қол жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ажырасқан ер адамның жеке сот орындаушысына қатысты алимент бойынша қарызды айқындау және тыйым салу туралы қаулылардың күшін жою туралы талап-арызымен қозғалған әкімшілік істі қарады.
Сотта 2025 жылғы маусымда жеке сот орындаушысының қаулысымен талап қоюшының 2022 жылғы маусымнан 2025 жылғы маусымға дейінгі кезеңде алимент бойынша 3,2 млн теңге мөлшерінде қарызы айқындалған, сол себепті талап қоюшының көлігі бұғатқа қойылғаны анықталды.
"Талап қоюшы ұлы аталған кезеңде талап қоюшымен бірге тұрғанын және сол аралықта алиментті өндіріп алушымен келісімге сәйкес төлегенін айтып, жауапкердің алимент бойынша қарызды заңсыз есептегенін көрсетті", делінген сот хабарламасында.
Алимент бойынша берешекті есептеуді тексеру кезінде сот жауапкердің қарыз сомасын дұрыс анықтамағанын анықтады. Даулы қаулыда жауапкер 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңдегі орташа айлық жалақының өзгеруін есепке алмаған. Нәтижесінде қарызды есептеу заңнаманы бұза отырып жүргізілген.
"Сот ЖСО қаулыларын заңсыз деп таныды, олардың күшін жойып, жауапкерді жойылған актілерден туындайтын барлық заңды салдарды жоюға міндеттеді. Сондай-ақ талап қоюшының мүлкіне қойылған тыйым салу шарасы да жойылды, өйткені бұл да бұзушылық болып табылады", - дейді Жамбыл облысының МАӘС баспасөз қызметі.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін сайтымызда Жоғары сот алимент төлеу тәртібіне өзгеріс енгізгенін жазғанбыз.