Енді алимент мөлшерін азайту жөніндегі істерді қарау кезінде сот төлеушінің қаржылай жағдайының нашарлауын міндетті түрде ескеруі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай шешім азаматтардың бірі Жоғарғы сотқа шағымданғаннан кейін қабылданған. Істі қарау барысында сот алиментке қатысты нормативтік құқықтық актілерде қайшылық барын анықтаған. Бұған дейін қолданыста болған нормативтік қаулыда борышкердің материалдық жағдайының нашарлауы алимент мөлшерін азайтуға негіз бола алмайды деп көрсетілген еді. Алайда, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексте мұндай мүмкіндік қарастырылған.
Осыған байланысты Жоғарғы сот даулы тармақты қаулыдан алып тастап, Үкіметке алимент өндіру тәртібін жетілдіруді ұсынды.
"Бұрынғы қаулыда борышкердің қаржылық немесе отбасылық жағдайының нашарлауы алиментті азайтуға себеп бола алмайтыны көрсетілген. Бірақ кодексте, керісінше, мұндай жағдай алимент мөлшерін қайта қарауға толық негіз бола алады деп анық жазылған", — деді Жоғарғы сот аппараты талдау және конституциялық өндіріс бөлімінің басшы орынбасары Әмір Ұмаров.