«Әділет» жаңарды, бірақ саясат та өзгере ме? Сарапшы партиядағы өзгерістерге баға берді

«Әділет» жаңарды, бірақ саясат та өзгере ме? Сарапшы партиядағы өзгерістерге баға берді
ЖИ: Dalanews.kz

Шығыстанушы-саясаттанушы Жанат Момынқұлов жаңадан жасақталған «Әділет» партиясының құрамына талдау жасап, кадрлық жаңару байқалғанымен, саяси жүйенің өзгеруі туралы айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді., деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, партияның 110 депутаттан тұратын тізіміне қарағанда, белгілі бір деңгейде жаңару бар. Алайда бұл үдеріс «билеуші партияның саяси элитасының ішінара жаңарып, қайта құрылуы» ретінде бағалануы мүмкін.

Сарапшы партия мүшелерінің орташа жасы 46,7 екенін атап өтті. Оның сөзінше, жастар санатына жататын депутаттар саны небәрі 13 адам немесе жалпы құрамның 11,8 пайызын құрайды. Сонымен қатар 20-дан астам депутаттың Мәжіліс пен Сенатта жұмыс тәжірибесі бар.

«Демек, “ескілер кетіп, орнына жастар келді” деу әлі ерте сияқты. Билік кейбір бұрынғы жүйе кадрларына да арқа сүйемек. Құрылтай сапасы меніңше бұрыңғыдан жақсарды деуге келетін сияқты», – дейді Жанат Момынқұлов.

Сонымен бірге ол жаңару мүлде болмады деген пікірмен келіспейді. Сарапшының мәліметінше, шамамен 20 адам мәслихаттардан келген болса, тағы 10 шақтысы Президенттік жастар кадр резерві мен Талдау мектебінің түлектері. Бұдан бөлек, партия құрамында IT, экология, волонтерлік және өзге де кәсіби салалардың өкілдері бар.

Осыған байланысты саясаттанушы «Әділетті» тепе-теңдікті сақтауға ұмтылатын саяси күш ретінде сипаттайды.

«Бір жағынан, бұрынғы саяси тәжірибені сақтаса, екінші жағынан, жаңа мемлекеттік менеджерлер мен өңірлік кадрларды ұлттық деңгейге шығармақ», – дейді ол.

Момынқұловтың пікірінше, бұл жаңа саяси элитаны қалыптастыруға бағытталған әрекет ретінде қарастырылуы мүмкін. Алайда басты мәселе кадрлық өзгерісте емес, саясаттың мазмұнында жатыр.

«Адамдар жаңарғанымен, саясат жаңара ма?» деген сұрақ қойған сарапшы бұрыннан саясатта жүрген тұлғалар жаңа партия құрамында да бұрынғы ұстанымдарын сақтап қалса, оны толыққанды саяси жаңару деп атау қиын екенін айтты.

Ол депутаттардың Үкімет жұмысын бақылауға қабілеті, дербес ұстанымы, қоғамдық мүддені партиялық тәртіптен жоғары қоя алуы сияқты факторлар саяси жаңарудың басты көрсеткіші болатынын атап өтті.

«Меніңше, саяси жаңару дәл осындай сәттерде сыналып көрінеді. Өйткені “жаңа тұлғалар = жаңа саясат” дегенді білдімесе керек», – деді саясаттанушы.

Түйіндей келе, Жанат Момынқұлов «Әділет» партиясында белгілі бір жаңару болғанын мойындағанымен, Қазақстанның саяси сахнасы түбегейлі жаңарды деуге әлі ерте екенін жеткізді.

«Қазір біз биліктің ауысып жатқанын айта алмасақ та, саяси элитаның қайта форматталып жатқанын көріп отырмыз. 2029 жылға дейін тағы да жаңа тұлғалар шығады, бәсеке болады деп үміттенемін», – деп қорытындылады ол.