Абай облысының Саржал ауылы республика көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған «BaiQymyz» гастрофестивалінде бас жүлдеге ие болды. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
– Бұл – өңіріміз үшін үлкен мәртебе әрі әділетті жеңіс. Саржалдың сары қымызы – көптен бері ел аузында жүрген, талай жұрттың таңдайын қақтырған табиғи өнім. Бүгінгі жеңіс тек дәм арқылы емес, әділ де ашық дауыс беру нәтижесінде анықталды. Демек, бұл – халықтың өзі берген әділ баға, – деп жазды өңір басшысы.
Аталған фестиваль – ұлттық тағам мен дәстүрлі өнімдерді дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени шара. Онда еліміздің әр аймағынан келген қымыз өндірушілер өз өнімдерін ұсынды. Сарапшылар мен көрермендердің дауыс беруі арқылы Саржал ауылының қымызы үздік деп танылды.
Облыс әкімінің айтуынша, бұл жетістік – өңірдің рухани және мәдени әлеуетінің көрінісі. Әсіресе, Абайдың 180 жылдығы қарсаңында мұндай жаңалықтың символдық мәні зор.
– Бұл тек бір байқаудың жүлдесі емес, өңіріміздің дәстүрге деген құрметін, табиғи өнімге адалдығын көрсеткен айшықты оқиға. Алдағы уақытта осы жетістік ішкі туризмді дамытуға, өңірлік бренд ретінде ұлттық тағамдарымызды ілгерілетуге жаңа серпін береді деп сенемін, – деді Берік Уәли.
Өңір басшысы жеңіске үлес қосқан қымыз өндірушілерге, ұйымдастырушыларға және дауыс берген көпшілікке алғыс білдірді.