Абай және Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттарының депутаттары дүйсенбіде сессияға жаңа әкімдерді тағайындауға келісім беру үшін шақырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстанның әкімін тағайындау бойынша жиын 17 ақпанда таңғы сағат 10.00-де өткізілсе, Абай облысының тізгінін ұстайтын жаңа әкімнің есімі 11.00-де белгілі болмақ.
Айта кетсек, 14 ақпанда мемлекет басшысының Жарлығымен екі өңірдің басшылары қызметінен босатылған. Шығыс Қазақстан облысын 1 жыл 8 ай басқарған Ермек Көшербаев Тамара Дүйсенованың орнын басып, вице-премьер болып тағайындалды.
Ал 2022 жылдың маусымынан бері Абай облысына басшылық етіп, өкілеттігі тоқтатылған Нұрлан Ұранхаевтың болашақта қандай қызметке баратыны, әзірге белгісіз.