Freedom Inside '26

Бектенов агробизнеске ескерту жасады: Жұмыс орны ашылмаса, жер қайтарылады

Бектенов агробизнеске ескерту жасады: Жұмыс орны ашылмаса, жер қайтарылады
primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет басшысы ірі агрокәсіпорындарды ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуға шақырып, бұл талап орындалмаған жағдайда жерді қайтару мәселесі қаралатынын мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл елімізде ауыл шаруашылығы дақылдары 23,8 млн гектар алқапқа егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 15,8 млн гектарды, майлы дақылдар 4,3 млн гектарды, ал мал азығы дақылдары 3,3 млн гектарды алып жатыр.

Кеңес барысында агроөнеркәсіп кешеніне құйылып жатқан инвестициялар мен мемлекеттік қолдау шаралары да талқыланды. Соңғы екі жылда елде 540 жаңа агроөнеркәсіп нысаны пайдалануға берілген. Олардың қатарында мал шаруашылығы кешендері, сүт-тауар фермалары, құс фабрикалары, көкөніс қоймалары мен қайта өңдеу кәсіпорындары бар.

Премьер-министр мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға сәйкес бизнестің де әлеуметтік жауапкершілігі болуы тиіс екенін айтты.

«Ірі шаруашылықтар жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуі керек. Бұл – сіздерге қойылатын негізгі талаптардың бірі. Мемлекет қажетті қолдау көрсетіп отыр. Бірақ біз ірі бизнестен де нақты міндеттемелер күтеміз. Егер бұл бағытта жұмыс жүргізілмесе, ондай жер иелерінен жерді қайтару мәселесімен айналысамыз», – деді Олжас Бектенов.

Жиында мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Үкімет мәліметінше, жыл басынан бері елімізде барлық санаттағы ет өндірісі 338 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға артқан. Оның ішінде сиыр еті өндірісі 6,1 пайызға, қой еті 8,1 пайызға өскен.

Премьер-министр ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды да ерекше атап өтті. Соңғы екі жылда өңірлерде шамамен 600 ветеринариялық нысан салынып, бұл мақсатқа 9,1 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде Қазақстан ресми түрде аусылдан таза ел мәртебесін алған.

Үкімет басшысы бұл мәртебені сақтау үшін ветеринариялық бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар кеңесте су тапшылығы қаупі талқыланды. «Қазгидромет» болжамына сәйкес, шілде-қыркүйек айларында бірқатар өңірлерде ылғал тапшылығы байқалуы мүмкін. Осыған байланысты премьер-министр тиісті министрліктер мен әкімдіктерге егістіктерді сумен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Биыл агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға 1,2 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның ішінде көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарына 750 млрд теңгеге дейін қаржы бағытталмақ. Қазіргі таңда шаруаларға 573 млрд теңге көлемінде несие берілген.