Қоғам белсендісі Бекет Құлбаев Атырау облысы Жылыой ауданындағы мұнай қалдықтарымен ластанған жерді рекультивациялау жұмыстарының нәтижесін көрсетті. Видео авторының айтуынша, аталған аумақ Құлсары қаласының іргесінде орналасқан. Оны қалпына келтіруге бюджеттен шамамен 625 млн теңге бөлініп, мердігер ретінде "Sigma Строй Проект" ЖШС тартылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жылыой ауданы әкімдігінің ресми жауабында Құлсары қаласына қарасты 2,1 гектар жердің "SatTransService" ЖШС қызметі салдарынан мұнай қалдықтарымен ластанғаны айтылған. Компания сот шешімімен аумақты рекультивациялауға міндеттелген. Алайда қаржысының болмауына байланысты тиісті жұмыстарды жүргізбеген.
Осыдан кейін жерді қалпына келтіру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Мәселенің экологиялық маңызы ескеріліп, "Sigma Строй Проект" ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Әкімдік рекультивациялау жұмыстарының толық аяқталғанын хабарлаған.
Алайда Бекет Құлбаев аумақта мұнай қалдықтарының әлі де бар екенін алға тартты. Оның сөзінше, жер қоршалып, көшеттер отырғызылғанымен, оларға тиісті күтім жасалмаған. Мұнаймен ластанған топыраққа егілген ағаштардың бір бөлігі қурап қалған.
"Бұл жер Құлсары қаласының маңында орналасқан. Аумақ қоршалып, ағаштар егілгенімен, көшеттер суарылмайды. Мұнай сіңген топырақта олардың қалай өсетіні түсініксіз. Әкімдіктің жауабында жұмыс толық аяқталды делінген. Бірақ рекультивацияның нәтижесі осындай болуы керек пе?", - деді видео авторы.
Ол рекультивация кезінде мұнай қалдықтары толық тазартылып, жер бастапқы қалпына келтірілуге тиіс деп есептейді. Сондай-ақ атқарылған жұмыстың сапасы мен оған жұмсалған 625 млн теңгенің тиімділігіне қатысты жауапты органдардан түсініктеме беруді сұрады.