44 жылдық зерттеу нәтижесі таңғалдырды: Жердегі триллиондаған тонна мұз еріп кеткен

44 жылдық зерттеу нәтижесі таңғалдырды: Жердегі триллиондаған тонна мұз еріп кеткен
Мұздық. Көрнекі сурет: pixabay.com

Гренландия мен Антарктидада мұз жамылғысының азаюы соңғы онжылдықтарда айтарлықтай күшейді. Ғалымдар мұз массасының негізгі бөлігі теңіз суының жылынуына байланысты жоғалып жатқанын айтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Malim.kz басылымының мәліметінше, 1979-2023 жылдар аралығында екі мұздық аймақ жалпы шамамен 12,5 триллион тонна мұз жоғалтқан. Бұл көлем АҚШ-тың құрлықтық аумағын шамамен 1,5 метр қалыңдықтағы мұзбен жабуға жетер еді.

Зерттеушілердің есебінше, осы өзгерістер салдарынан әлемдік мұхит деңгейі шамамен 3,1 сантиметрге көтерілген.

Ғалымдар 44 жылдық спутниктік бақылау деректерін талдаған. Зерттеуге 27 спутниктен, оның ішінде NASA аппараттарынан алынған мәліметтер негіз болған 45 тәуелсіз зерттеу енгізілген.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жоғалған мұз массасының шамамен алтыдан бес бөлігі ауа температурасының тікелей көтерілуінен емес, жылы теңіз суының әсерінен болған.

Мұхит суы мұздықтарға төменнен және бүйір жағынан әсер етіп, олардың бұзылу процесін жеделдетеді.

1970-1990 жылдары Гренландия мен Антарктидадағы мұз қабаты салыстырмалы түрде тұрақты болған. Ал 2010 жылдары мұз жоғалту қарқыны айтарлықтай артқан.

2020-2023 жылдары бұл көрсеткіш біршама тұрақтанған. Алайда ғалымдар мұны ұзақмерзімді үрдістің өзгеруі емес, қысқамерзімді климаттық ауытқулармен байланыстырады.

Сонымен қатар Антарктиданың кей бөлігінде мұз массасының уақытша өсуі тіркелген. 2021 жылғы шілде мен 2023 жылғы сәуір аралығында құрлық шамамен 695 миллиард тонна мұз жинаған. Бұған Шығыс Антарктидадағы мол қар себеп болған.

Дегенмен Батыс Антарктидада мұздың азаюы жалғасып жатыр. 2003-2024 жылдар аралығында Антарктида жыл сайын орта есеппен 140,5 миллиард тонна мұз жоғалтқан.