Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті "Кең Дала 2" бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
2025 жылғы мамырда "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалы мен "Рашан" ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз беру туралы шарт жасалған. Шарт бойынша міндеттер орындалуына "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ кепілдік берген. Шарт талаптарына сәйкес "Рашан" ЖШС-ның шотына 300 млн теңге қаражат аударылған.
Кейін бұл қаражат егіс науқанына жұмсалатын шығындарды төлеу деген желеумен екі ЖШС-ға аударылған. 148 млн теңгеге жуық қаражат тұқым сатып алуға, тағы 152 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, соның ішінде жанар-жағармай мен еңбекақы шығындарына аударылған. Алайда іс жүзінде тұқым сатып алынбағаны, техника жалға алынбағаны және көрсетілген жер телімдеріне ауыл шаруашылығы дақылдары егілмегені анықталған.
"Рашан" ЖШС директоры күдікті деп танылды. Сот санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.