“30 миллион доллар қайда кетті?”. Бибісара Асаубаеваның анасы шахмат федерациясын сынға алды

Қаракөз Амантай 29 сәу. 2026 09:27

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Хакім қызына бөлінетін қаржы көлеміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, кейінгі күндері әлеуметтік желіде Бибісараға бөлінген қаражат туралы түрлі мәлімет тараған. Алайда бұл сандар толық көріністі ашпайтынын жеткізді.

"Төрт жыл ішінде Бибісараға 847 мың доллар бөлінді деген ақпарат тарады. Бірақ оның ішінде жалақы жоқ. Федерация спортшыларға ай сайын жалақы төлемейді. Тек нәтиже көрсеткен жағдайда ғана сыйақы беріледі", – деді ол.

Лиана Хакімнің сөзінше, жалпы бөлінген 388 млн теңгенің басым бөлігі тікелей спортшыға емес, жаттықтырушыларға кеткен.

"315 млн теңге грант ретінде көрсетілген. Бірақ бұл қаражат бізге берілмейді. Ол жаттықтырушыларға тікелей Федерация арқылы төленеді. Салықтан кейін бұл сома 220 млн теңгені құрайды", – деді ол.

Сондай-ақ жүлделі орындар үшін берілген сыйақылардың да нақты көлемін атады.

"Сыйақылардың жалпы сомасы - 73 млн теңге. Салық шегерілгеннен кейін бізге 58 млн теңге ғана тиеді. Жалпы алғанда, төрт жылда қолға тигені - 278 млн теңге", – деді Хакім.

Ол бұл қаржының қалай бөлінетінін нақтылау қажет екенін атап өтті.

"Төрт жыл ішінде жаттықтырушыларға шамамен 440 мың доллар төленген. Ал сыйақылар - 120 мың доллар. Бұл жерде тағы бір сұрақ туындайды. Федерацияға төрт жылда бөлінген 30 млн доллар қайда жұмсалды?", – деп сауал тастады ол.

Сондай-ақ Хакім құраманың басқа мүшелерінің нәтижесіне де назар аударды.

"Мүмкін, қаржыландырудың осындай бөлінісі салдарынан басқа спортшыларымыз жоғары нәтижеге жете алмай жүрген шығар", – деп қосты ол.

Қазіргі таңда Қазақстан шахмат федерациясы бұл мәлімдемеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove