«Баланы мектепке даярлайық!» акциясы партиялық «Бақытты отбасы» жобасы аясында дәстүрлі түрде өткізіледі. Оның басты мақсаты – көп балалы және аз қамтылған отбасыларға балаларын 1 қыркүйекке дейін мектепке дайындауға көмектесу.
Акцияға партияның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдарының қызметкерлері, партия депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және қарапайым азаматтар қатысады. Ел аумағындағы 30 мыңнан астам бала аманаттықтардан жаңа оқу жылына арналған жиынтықтар алады деп жоспарланып отыр. Яғни, оларға мектеп формасы, оқулықтар мен кеңсе тауарлары салынған рюкзактар ұсынылады.
Мәселен, бүгін Павлодарда партиялықтар алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Валентина Григорьеваның шаңырағына барды.
«Балалар тез өседі ғой. Жыл өткен сайын оларды жаңа оқу жылына дайындау қиынға соғып барады. Өткен аптада партияға жүгінген болатынмын. Бүгін қажет заттың бәрін алып келді», – деді көп балалы ана Валентина Григорьева.
Ал Өскеменде аманаттықтар Мүшелбаевтар отбасына барды. Ербол және Әсел есімді ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр. Сондықтан жаңа оқу жылы қарсаңында партия көмегі уақтылы қолдау болды.
«Көп балалы отбасылар үшін балақайларды жаңа оқу жылына дайындау – үлкен жүктеме. Партияның мұндай бастамасы біз үшін қомақты қолдау», – деді көп балалы ана Әсел Мүшелбаева.