2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда инфляция көрсеткіші 10% шамасында болады деп күтіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жалпы, инфляцияға шынымен де орын бар. Дегенмен, инфляция тренді теріс мәнге ие екенін баса атап өткім келеді. Егер біз өткен жылды алып қарастырсақ, онда инфляция 8,6%, ал оның алдында шамамен 10% деңгейінде қалыптасты. Ал оларға дейін 20% деңгейі деген де болған", - деді ол.
Жалпы инфляция жаһандық сипатқа ие. Көбінесе онда монетарлық құбылыс басым.
"Оған Қазақстанда соңғы үш жылда жылына 30% деңгейінде қалыптасқан халықты несиелендіру көлемінің қарқыны айтарлықтай дәрежеде әсер етіп отыр. Яғни, халықты несиелендіру номиналды ЖІӨ-ге қарағанда жоғары қарқынмен өсуде. Бұл қосымша сұранысты тудырады. Инфляцияға қарсы шараларды Ұлттық банктің де, Үкіметтің де қызметі қамтиды. Шаралар кешені 100-ден астам іс-шараларды қамтиды. Міне, осы кешенді шараларды сәтті жүзеге асыру инфляцияның төмендеуіне әкеліп отыр. Иә, жыл қорытындысы бойынша, біз инфляция шамамен 10%-ды құрайды деп топшылаймыз", - дейді Арман Қасенов.
Айта кетсек, Қазақстанда ақпан айында инфляция тағы үдеп, жылдық мәні 9,4%-ды құраған болатын. Бұған дейін 2025 жылы 18 ақпанда бірнеше өңірде бензин бағасы өскенін жазғанбыз. Сондай-ақ сайтымызда "2024 жылдың қорытындысы: Қазақстан қымбатшылық жағынан ЕАЭО елдерінен асып түсті" деген мақала жарияланған.