Қазақстанның медиа қауымдастығы Парламент депутаттарына ашық хат жолдап, сайлау кезіндегі қоғамдық пікірге қатысты заңнаманы өзгертуді сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ашық хатта журналистер мен БАҚ өкілдері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді қолдауға шақырған.
Медиа өкілдерінің айтуынша, қазіргі заң редакциясында журналистік материал мен кәсіби социологиялық зерттеудің арасы нақты ажыратылмаған.
«Қолданыстағы ӘҚБтК-нің 120-бабында кәсіби социологиялық зерттеу мен журналистік материал аясындағы азаматтар пікірін жинаудың ара жігі нақты көрсетілмеген. Соның салдарынан блиц сауалнама, көше сұхбаты, интерактивті дауыс беру, азаматтардың пікірі сияқты журналистік форматтар социологиялық зерттеу ретінде қате түсіндіріліп жатыр», - делінген хатта.
Авторлардың сөзінше, мұндай құқықтық түсініксіздік журналистердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына әкеліп отырған жағдайлар бар.
«Өкінішке қарай, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтардың пікірін жариялағаны үшін журналистер мен редакцияларды жауапкершілікке тарту жағдайлары тіркелді. Бұл құқықтық анықсыздықтың бар екенін көрсетеді және кәсіби журналистік қызметті шектеу қаупін туғызады», - деп жазылған үндеуде.
Медиа қауымдастығы журналистік материалдарды заң жүзінде бөлек көрсету қажет екенін айтты.
Олар «қоғамдық пікірге сауалнама» ұғымына нақты анықтама енгізуді ұсынып отыр.
Ұсынылған нормада қоғамдық пікір сауалнамасы «азаматтардың электоралдық көзқарасын арнайы әдістеме мен іріктеу арқылы жүйелі түрде зерттеу» ретінде анықталуы керек екені көрсетілген.
Сондай ақ медиа өкілдері Әкімшілік кодекстің 120-бабына журналистік қызмет аясындағы материалдарды жауапкершіліктен босататын арнайы норма қосуды сұрады.
«БАҚ пен онлайн платформаларда журналистік қызмет шеңберінде дайындалған, репрезентативті социологиялық зерттеу немесе сайлау нәтижесін болжау болып саналмайтын материалдар әкімшілік жауапкершілікке жатпауы тиіс», - деп ұсыныс білдірді авторлар.
Ашық хат иелері бұл өзгерістер журналистердің кәсіби қызметін қорғауға мүмкіндік береді деп есептейді.
«Журналистер қоғам үшін маңызды тақырыптарды еркін көтеріп, азаматтардың пікірін әкімшілік қысымнан қорықпай жариялай алуы керек. Сондықтан журналистік материал мен социологиялық зерттеудің аражігін заң жүзінде нақты ажырату қажет», - делінген үндеуде.