Белгілі қоғам белсендісі әлеуметтік желіде тараған даулы оқиғаға байланысты қатаң мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарын іске араласуға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, соңғы уақытта резерв аккаунттар арқылы түрлі ақпараттар әдейі таратылып жатқан көрінеді. Белсендінің сөзінше, бұл жағдай жай ғана хайп немесе аудитория жинау әрекеті болып қалмауы керек.
«Мына соңғы аккаунттарды ашқан басқа резерв аккаунттар сонымен тасталып жатыр. Енді бұларға менің айтарым, құзырлы органдар осы істі қатаң бақылауға алып, толық тексеру жүргізуі керек. Мән жайын анықтау қажет. Себебі ең кемінде Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша, яғни жалған ақпарат тарату дерегімен қылмыстық іс қозғап, жаза беру керек деп ойлаймын», - деді ол.
Сонымен қатар ол Ішкі істер министрлігін, прокуратураны және Алматы полиция департаментін арнайы белгілеп, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмауға шақырды.
«Бұл мәселені жай қалдыруға болмайды. Өйткені бұл жағдай “Балапан” арнасына да үлкен репутациялық соққы болып тиді. Миллиондаған адам көрді. Бүтін бір арнаның атына кір келтіріп отыр. Бұл жерде қоғамдағы ауыр мәселені хайпқа айналдыру әрекеті байқалады», - деді белсенді.
Оның сөзінше, кей парақшалар оқиғаның өзін емес, оның айналасындағы шуды пайдаланып, аудитория мен қаралым жинауға тырысқан.
«Олар халықтың алдында осындай ауыр мәселелерді жеңіл контентке айналдырып отыр. Подписчик жинау, қаралым көтеру үшін пайдаланды. Тіпті өз стористерінде соны ашық айтып отыр. Мәселе оқиғаның болғанында не болмағанында емес. Егер рас болса, оны құқық қорғау органдары анықтайды. Ал егер жалған болса, онда бір ғана бап емес, бірнеше бап бойынша жауапкершілік болуы керек», - деді ол.
Белсенді мұндай әрекеттер тоқтамаса, қоғамда қауіпті үрдіс қалыптасуы мүмкін екенін айтты.
«Егер осындай атаққұмар әрекеттерге тосқауыл қоймасақ, ертең жастар күнде осындай нәрселерді ойдан шығара береді. Қоғам біздің қолымызда. Елдің болашағы осындай мәселелерге қалай қарайтынымызға байланысты», - деді ол.