2024 жылы "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортында 1,5 млн адам демалған

Кәмшат Тілеухан 05 нау. 2025 09:53 391

2024 жылы "Шымбұлақ" тау-шаңғы курорты 1,5 млн қонақ қабылдады. Бұл цифр отандық және шетелдік туристерді де қамтиды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, тау-шаңғы курортына жазғы және қысқы маусымда шамамен бірдей туристер келген. Яғни, жазғы маусымда – 700 мың, қысқы кезеңде 800 мың адам "Шымбұлақта" болған.

"Туристер санының жылдық өсімі 24%-ды құрады", делінген министрлік хабарламасында.

Алматыда орналасқан "Шымбұлақ" тау-шаңғы курорты ел тұрғындары арасында да, шетелдік меймандар арасында да кеңінен танымал бола бастады. Мұнда көбінесе Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Таяу Шығыс елдерінен туристер келеді.

Айта кетсек, ақпан айының басында әлеуметтік желіде Шымбұлақтың басындағы жаппай төбелестің видеосы тарады. Кейіннен белгілі болғандай, мас күйде болған шетелдік туристер тау шаңғы мектебінің қызметкерлерімен жанжалдасқан. Жалпы, жыл басынан бері Алматыға арнайы саяхаттап келетін шетелдік туристер саны былтырмен салыстырғанда күрт артты. 2024 жылдың тек алғашқы сегіз айында мегаполис қазынасына туризм саласынан 62,5 млрд теңге салық түскен. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар