Жыл басынан бері Алматыға арнайы саяхаттап келетін шетелдік туристер саны былтырмен салыстырғанда күрт артты. 2024 жылдың тек алғашқы сегіз айында мегаполис қазынасына туризм саласынан 62,5 млрд теңге салық түскен. Бұл туралы «Алматы туризм бюро» мәлім етті,деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін «Алматы туризм бюро» ұйымдастырған брифингте қалаға келуші шетелдік туристерге сипаттама берілді.Бюроның маркетинг және стратегиялық талдау департаментінің жетекшісі Руслан Жанабаевтың айтуынша, Алматыға келетін шетелдік туристің жас шамасы 26-35-те. Оның сөзінше, саяхатшылардың 40 пайызы Алматығажалғыз келсе, 30 пайызы достарымен, ал тағы 30 пайызы отбасымен келетін көрінеді. Одан бөлек Алматыға қонақ болып келген шетелдіктердің 42 пайызы қонақ үйлерге орналасады, 27 пайызы хостелдерге, ал 31 пайызы апартаменттерге тоқтайды екен.
«Соңғы екі-үш жылда қонақ үйлер толып, туристерге артық орын табылмағандықтан хостелдерге сұраныс артқан. Хостел туристер үшін қалта көтеретін жатын орындары. Қазір қалада хостелдер көбейді», - дейді Руслан Жанабаев.
Ресми мәлімет бойынша, Алматыға келушілердің 68 пайызы демалу мақсатын көздейді, ал 32 пайызы іссапармен келеді. «Алматы туризм бюро» ұсынған мәліметке сүйенсек, Алматы қонақтары қаладағы мәдени іс-шараларға, экотуризмге, сондай-ақ көңіл көтеретін ойын-сауықтарғақызығушылық танытады.
«Бірінші кезекте біздің туристерге қаламыздың көрікті жерлері – тауы, ұлттық саябақтарымыз, жалпы табиғаты ұнайды. Сондықтан біз табиғатты аялап, таза ұстауымыз қажет. Қазір біз Іле Алатауы табиғи паркімен тығыз жұмыс істейміз, өйткені ол қалаға жақын орналасқан. Біз саябақтағы жалғыз аяқ жолдарды абаттандырып жатырмыз, бұл бірінші кезекте туристердің қауіпсіздігі үшін жасалады. Бұның ішкі туризмге де пайдасы зор. Экотуризмді біздің саланың драйвері ретінде көреміз», - дейді Руслан Жанабаев.
Қазіргі таңда қала билігі туризм саласының Алматыбюджетіндегі үлесін арттыруды мақсат етіп отыр. Осы орайда қалаға қыдырып келген шетелдік туристің қалтасынан қанша қаражат жұмсайтыны маңызды. Ресми дерек бойынша шетелдік турист қалада орташа есеппен 5 күн жүредтін көрінеді. Бюро мәліметінше, олар күніне 334 АҚШ долларын жұмсайды екен.
«Көңіл аударатын бір нәрсе – Алматыға келген туристердің қалтасынан шығатын шығын. Салыстырмалы түрде айтсақ, шетелдік турист отандық туриске қарағанда 7-8 есе көп ақша жұмсайды. Демек, біз шетелдік туристердің көптеп келуін қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істеуіміз керек. Оның себебі – шетелдік турист қала бюджетіне көбірек пайда әкелетіндігінде», - дейді «Алматы туризм бюро» өкілі.
Сондай-ақ туристердің негізгі қызығушылықтары мен олардың қаражаты қайда жұмсалатыны туралы Mastercard Tourism and Insights платформасы жүргізген зерттеу БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды. Аталмыш платформаның аға басқарушы кеңесшісі Бауыржан Жазықбаевтың айтуынша, Алматыда жүрген шетелдік туристер көбінесе қонақ үйлерге, мейрамханаларға және әуе билеттеріне шығынданады. Mastercard Tourism and Insights дерегінше, Алматыға дейін билет брондау бойынша алғашқы бестікте Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, БАӘ және Үндістан тұр. Платформа зерттеуі шетелдік қонақтардың негізінен табиғатқа, өнерге, мәдениет пен белсенді спорттық іс-әрекеттерге қызығушылық танытқанын көрсетіп отыр.
«Шымбұлақ таулы курорты өзінің инфрақұрылымымен, қала орталығына жақын орналасуымен шетелдік туристер арасында өте танымал», - дейді Бауыржан Жазықбаев.
Жалпы Алматы қаласында туризм саласында мәселелер де жоқ емес. Әсіресе бұл салада жыл сайын артып жатқан туристер легіне қонақ үй жетіспеушілігі, инфрақұрылымдағы кейбір мәселелер байқалады. АлайдаАлматы қаласы әкімдігі ішкі және сыртқы туризмді дамыту бойынша нақты шараларды жүзеге асыруда. Мәселен 2027 жылға дейін мегаполисте инвесторлардың қолдауымен жиырмадан астам қонақ үй салу жоспарланып отыр.