"Армияда не болып жатқанын білесіз бе?" Алматы облысында қаза тапқан сарбаздың анасы Тоқаевқа үндеу жасады

Сағыныш Сардарова 18 қыр. 2025 17:22

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы әскери бөлімде қаза тапқан сарбаздың анасы үндеу жасады. Видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қайғыдан қан жұтқан ана құзырлы органдардың әрекетсіздігіне наразы.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, армияңызда не болып жатқанын білесіз бе? Аналар баласыз қалуы керек пе? Қыршын жастар өмірден озуы керек пе? Бұл не деген армия? Сіздердің қызметкерлеріңіздің деңгейі жерде тапталып жатыр ғой. Неге бақылауға алынбайды?! Министр мырзалар, неге мұның бәрі қараусыз қалуы керек? Аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер. Біздің көзіміз жетті. Біз сеніп, "әскер түзелді, баламызға еш нәрсе болмайды" деп жібердік. Баламыздың мәйітін алып кеткелі отырмыз", - дейді сарбаздың анасы. 

Айта кетейік, әскерде тағы да қайғылы жағдай болды. Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында орналасқан №01098 әскери бөлімінде 19 жастағы мерзімді сарбаз Дінмұхамед Шынарбек өлі табылды. 

Марқұмның әпкесінің сөзінше, 2024 жылы күзде әскерге Даниял Шынарбек шақырылса, көктемде оның егізі Дінмұхаммед әскер қатарына алынған. Екеуі де Отар гарнизонында қызмет еткен.

Отбасына марқұм суицид жасады деген хабар жеткен, алайда туған-туыстары бұл нұсқаға сенбейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар