20 мың қазақстандық әскерге барудан жалтарып жүр — министрлік

Қаракөз Амантай 16 шіл. 2025 10:54

2024 жылы Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына 40 202 азамат шақыртылған. Ал биыл әскери борышын өтеуі тиіс азаматтар саны 42 098-ге жетіп отыр. Алайда олардың 20 мыңға жуығы өз еркімен әскери қызметке барудан бас тартқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

“2024 жылы мерзімді әскери қызметке 40 202 адам шақырылды. 2025 жылы бұл сан 42 098 адамға жетпек. Алайда Конституцияның 36-бабында және Президент Жарлығында белгіленген талаптарға қарамастан, шамамен 20 мың азамат әскери борышын өтеуден жалтарып жүр”, — деп хабарлады министрлік.

Ведомство мәліметінше, ешбір заңды себепсіз әскери қызметтен бас тартқан азаматтар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

“Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 647-бабына сәйкес, әскери есепте тұрған немесе есепке тұруы тиіс азамат шақыру қағазында көрсетілген мерзімде жергілікті әскери басқару органына келмесе, оған 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК)мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 648-бапқа сәйкес, медициналық тексеруден немесе әскери есепке қою, не шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша тексерістен өтуден жалтарған азаматқа да 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, мерзімді әскери қызметтен заңсыз себепсіз жалтарған азаматқа 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, немесе бір жылға дейін бас бостандығы шектелуі не айырылуы мүмкін”, — делінген Қорғаныс министрлігінің жауабында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар