Қазақстанда 1 787 адамның медициналық қарсы көрсетілімдері бола тұра автокөлік басқарғаны анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Денсаулық сақтау министрлігі ішкі істер министрлігімен бірлесіп, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардың көлік құралын басқаруына жол бермеу және оларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша сот органдарына 4 540 талап арыз жолданды. Олар қаралғаннан кейін 1 787 адамға берілген жүргізуші куәліктерінің күші жойылды. Аталған азаматтардың көлік басқаруға медициналық тұрғыдан құқығы болмаған", - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомстволардың цифрлық интеграциясы аясында ІІМ Денсаулық сақтау министрлігінің "Диспансерлік науқастардың электронды тіркелімі" ақпараттық жүйесіне қосылып, диспансерлік есепте тұрған 369 888 азамат бойынша деректер талданды. Тексеру нәтижесінде олардың 273 819-ы бұрын жүргізуші куәлігін алмағаны анықталды.
Ал қалған 96 069 адам бойынша мынадай жағдай тіркелді: 41 677 адамның куәлігі деректер түскен сәтте жарамсыз болып есептелген, ал 54 392 азаматтың жүргізуші куәліктері әлі де жарамды болған.
