121 адам мінген "елес ұшақ": 3 сағат бойы аспанда жауапсыз қалықтаған рейстің қасіреті

121 адам мінген "елес ұшақ": 3 сағат бойы аспанда жауапсыз қалықтаған рейстің қасіреті
ашық дереккөзден

Helios Airways әуе компаниясының 522-рейсіне қатысты апат Грекия азаматтық авиациясы тарихындағы ең ауыр қайғылы оқиғалардың бірі ретінде есте қалды, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

2005 жылдың тамызында Кипрден ұшқан Boeing 737 лайнері әлемдік авиация тарихындағы ең үрейлі оқиғалардың біріне айналды. Бортта 121 адам болған ұшақ бірнеше сағат бойы автопилотпен ұшып, экипаж бен жолаушылар ес-түссіз күйде қалған. Байланысқа шықпаған лайнер аспанда үнсіз қалықтап, диспетчерлер үшін нағыз "елес ұшаққа" айналды.

Қайғылы жағдайдың алғашқы себебі ұшақ әуеге көтерілмей тұрып-ақ басталған. Ларнака әуежайында техникалық мамандар герметизация жүйесін тексеру кезінде қысым басқару тетігін қол режиміне ауыстырған. Алайда тексеріс аяқталған соң оны қайта автоматты режимге қоймаған. Ұшу алдындағы тексеріс кезінде экипаж да бұл қатені байқамай, лайнер әуеге ақаулы күйде көтерілген.

Ұшақ биіктік ала бастағаннан кейін көп ұзамай кабинада ескерту дабылы қосылған. Бірақ ұшқыштар бұл белгіні герметизация жүйесіндегі мәселе деп емес, ұшуға дайындық конфигурациясына қатысты ескерту деп қабылдаған. Осы уақытта салондағы оттегі деңгейі төмендеп, борттағы адамдар біртіндеп гипоксияға ұшырай бастаған.

Көп ұзамай ұшқыштар да, жолаушылар да есінен танып қалған. Ал Boeing 737 автопилот арқылы бағытын жалғастырып, Грекия әуе кеңістігіне кірген. Ұшақ диспетчерлермен байланысқа шықпай, Афина маңында айналып ұша берген.

Байланыс үзілген соң Грекия Әскери-әуе күштерінің екі F-16 жойғыш ұшағы көкке көтерілді. Әскери ұшқыштар лайнерге жақындағанда, салонда және кабинада адамдардың қозғалыссыз отырғанын, ал оттегі маскалары төмен түсіп тұрғанын көрген.

Кейін кабина ішінде қозғалыс байқалған. Бұл – стюард Андреас Продрому еді. Ол тасымалданатын оттегі баллонын пайдаланып, өзгелерге қарағанда есін ұзақ сақтаған. Шағын авиация ұшағын басқаруға рұқсаты болған Андреас командирлерді оятуға тырысып, әскери ұшқыштарға белгі берген. Алайда ауыр жолаушылар лайнерін басқаруға оның дайындығы жеткіліксіз еді.

Ақыры ұшақтағы жанармай таусылып, Boeing Грамматико ауылы маңындағы тауға соғылды. Апат орнына жеткен құтқарушылар тірі қалған адамды таппады.

Тергеу қорытындысы бойынша, қайғылы оқиғаға адам факторы себеп болған. Герметизация жүйесінің дұрыс бапталмауы, ұшу алдындағы тексерістегі салғырттық және дабыл белгісін қате түсіну 121 адамның өмірін қиды.

Бұл апат авиация саласына ауыр сабақ болды. Оқиғадан кейін бірқатар елдерде экипаж бен техникалық қызмет мамандарының өзара әрекет тәртібі, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеріс талаптары қайта қаралды.