Ішкі істер министрлігі қос азаматтығы бар бұрынғы депутаттың дерегін неге құпия ұстауда?

Dalanews 12 қаз. 2022 07:54 353

Жуырда ғана Dalanews.kz сайты Жамбыл облысының Қордай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты Татьяна Подшибякинаның қос азаматтығына қатысты таралған ақпараттардың нақтылығын анықтау мақсатында құзырлы мекемелерге арнап хат жазған болатын.

Осы аптада кері байланыс орнады. Ішкі істер министрлігі өте «жұмсақ» тәсілмен жауап қайтарыпты. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» берген жауап хаттың мазмұнынан түсінгеніміз, Татьяна Подшибякинаның қос азаматтығы туралы мәселе біреудің жеке басының құпиясы саналады екен.

Оны жариялау заң бойынша тыйым салынатын көрінеді. Сондықтан, Подшибякина туралы ақпаратты бізге бере алмайтындарын айтыпты. Шығарып салма жауаптың толық мазмұны төмендегідей:

 «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңға сәйкес дербес деректерді тарату субъектінің (Дербес деректерге жататын жеке тұлғаның) немесе оның заңды өкілінің келісімімен, сондай-ақ «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізімдері», Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2-тармағына сәйкес тұлғаға қатысты ақпаратты жеке тұлғаның жазбаша келісімінсіз басқа адамға беруге болмайды.


Тиесілігі немесе азаматтығы жоқтығы туралы мәліметтер қолжетімділігі шектеулі деректер жатады, осыған байланысты сұратылған адамға қатысты ақпарат оның немесе заңды өкілінің келісімімен берілуі мүмкін.

Сонымен қатар, Сіздің сауалыңызда көрсетілген адамға қатысты Жамбыл облысы полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері шет мемлекеттің азаматтығын анықтау бойынша барлық шараларды қабылдағанын хабарлаймыз.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының азаматтарында шет мемлекет азаматтығының бар екендігі расталған кезде оларға қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуын тіркеу жүргізіледі.

Орыс ағыны әлі де өзекті. Жыл басынан бері қанша Ресей азаматына ЖСН берілді? Қаншасы Қазақстан азаматтығын алды? Ресми ақпараттарда айтылып жүргендей, елімізге келген 1,6 миллион ресейліктің қаншасында қос азаматтық бар?

Ішкі істер министрлігінің Қордай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты туралы сырғытпа жауабы ұлттық қауіпсіздігімізге кепіл болмасы анық. Өйткені, қос азаматтық дегеніміз – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне келіп тірелетін мәселе. Сондықтан, мұндай тақырыпты біреудің жеке басының құпиясы деп қарау – ұлтқа, Қазақстанның қауіпсіздік саясатына жасалған немқұрайлық деп түсіну керек.

Қос азаматтық – дәл қазір күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Сондықтан, Dalanews.kz сайты бұл мәселені үнемі назарда ұстайды. Тақырыпты қоғам талқысына тастап, мемлекеттің ішкі тұрақтылығына сызат түсіретін осындай бассыздықтарды болдырмау үшін құзырлы мекемелерден Татьяна Подшибякинаның қос азаматтығына қатысты мәселеге атүсті қарамауларын сұрайды.


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында қос азаматтығы бар адамдарға қатаң жаза қолдану керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында да екі мемлекеттің құжатымен жүрген мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме басшыларына ешқандай кешірім болмайтынын ескерткен болатын. Сонда ішкі істер министрлігі Президенттің бұл ескертуіне құлақ аспай отыр ма?

Біз Татьяна Подшибякинаның қос азаматтығының бар-жоғын анықтау туралы Ішкі істер министрлігіне ғана емес, Қазақстан Көші қон полициясына, Қазақстан Бас Прокуратурасына, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара  Дүйсеноваға және Жамбыл облыстық Прократураға, Қордай аудандық Прократураға да дәл осындай хат жібергенбіз. Олардан ешқандай жауап хат келмеді. Аты аталған мекемелерден әлі де көңілге қонымды жауап күтеміз!

 Жарас КЕМЕЛЖАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x