Қордайдың бұрынғы депутатында қос азаматтық бары рас па?

Dalanews 30 қыр. 2022 07:44 863

Орыс ағынымен бірге қос азаматтық мәселесі қайтадан күн тәртібіне шығуда. Бұл даусыз. Бірақ бұл жолғысының зардабы да, зауалы да ауыр болуы мүмкін. Өйткені, елге келіп алғандарының өзі 1,6 миллион адам. Ал келіп жатқандары мен буынып-түйініп жол қамына дайындалып отырған ресейліктердің санын ешкім болжай алмайды.

Қазақстанда қос азаматтығы барлардың саны бұрынан көп болатын. Әсіресе, Павлодар, Петропавл, ШҚО, Қостанай облыстарында Ресей азаматтығын алған қазақстандықтар жиі кездесіп тұрады. Тіпті, олардың арасында мемлекеттік қызметте істейтін лауазымды тұлғалар да бар.

Мәселен, былтыр ғана Жамбыл облысының Қордай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты Татьяна Подшибякинаның қос азаматтығы бары айтылған-ды.



"ҚР Бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтығынан өзге Ресей азаматтығы бар Жамбыл облысының Қордай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты Татьяна Подшибякинаны неге тексермейді? Оның дәлелі де бар. Алдағы реформаларда өкілеттігі жоғары мәслихатта мұндай депутаттар болмауы керек. Қос азаматтығы бар мұндай азаматтарға шынайы тексеру жүргізілуі қажет!", – деп жазған болатын Айдар Базарбаев есімді қолданушы.

Бұған дейін Шымкент қалалық спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың да қос азаматтығы бары анықталды. Қосмекенді болып ғұмыр кешкен азамат бірден қызметінен босатылған болатын. Заң ортақ. Онда Татьяна тәтеміз қалай депутат болып отыр? Түсініксіз жайт көп.

Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында қос азаматтығы бар адамдарға қатаң жаза қолдану керектігін айтты.

Әсіресе, екі елдің құжатымен жүрген мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме басшыларына ешқандай кешірім болмайтынын қадап тұрып ескертті. Бұл мәселе Президенттің Жолдауында да айтылды.


Айтпақшы, әңгіме басында келтірген кейіпкеріміз Татьяна Подшибякина:

«Сапа Қордай» ЖШС, «Қордай Жанармай», «Жаңа Қордай», «Мерей Қордай» сауда сарайы, «Мелет плюс» пен «Виктория плюс» сияқты бизнес нысандарына иелік етеді.


Қос азаматтықтың зияны мен залалы көп дедік қой. Ең алдымен, мемлекеттің қауіпсіздігіне басы артық проблема тауып береді. Содан кейін, екі азаматтығы барлар екі жақтан да зейнетақы алады. Бұл экономикаға салқынын түсіретін жағдай. Ондайлар екі мемлекеттің де сайлауына қатысып, халықтың таңдауын өзгертуге ықпал етеді. Әрі-беріден кейін қос азаматтығы бар адамның ой-мақсаты бөлек, мүддесі басқа болатыны анық қой.

Ресми органдардың дерегіне сенсек, 2019 жылы 15,5 мың адам Қазақстан азаматтығынан айырылған. Әрине, оның басым бөлігі – ресейліктер. Әлгілердің 550-і ғана қылмыстық жауапқа тартылыпты. 102 азамат елден шығарылған. Сонда қалғандарына кешірім жасала салған ба?


Мұндай солқылдақ саясатпен екі елді тел емгендердің санын азайту қиын. 2020 жылы Ресей азаматтығын алған тағы 585 азамат анықталды. Саны азайған дәнеңе жоқ. Ал Ресей ағынынан кейін қос азаматтықтың дауы көбеймесе, кемімеуі мүмкін.

Пара алудан алдына жан салмайтын Қазақстан үшін ЖСН беру, Қазақстанның төлқұжатын сыйлай салатын солқылдақ ЦОН қызметкерлері тұрғанда, қос азаматтықтың дауы алдымыздан әлі талай шығады.

Сонымен Қордай депутатының қос азаматтығы бар ма? Dalanews.kz cайты осы мәселе бойынша құзырлы мекемелерге сұрау салатынын хабарлайды. Соның ішінде

  • Қазақстан Көші қон полициясына,

  • Қазақстан Ішкі істер министріне,

  • Қазақстан Бас Прокуратурасына,

  • ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсеноваға


жолдаймыз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар