Жетісуда «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы өтті

Dalanews 24 там. 2020 08:05 371

Алматы облысында ауылды жердегі мектептерге арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының екінші кезеңі мәресіне жетті. Білім сайысы 21-22 тамыз аралығында өтті.

Олимпиаданың негізгі ұйымдастырушылары – «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры. Жоба Елбасы Тұңғыш Президент Қоры мен «Елбасы Академиясы» корпоративті қорының «Ел үміті» талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі бастамасы шеңбері аясында іске асырылуда.

Аталған додаға республика бойынша 5 мың бала  қатысса, Алматы облысынан 812 жас дарын бағын сынаған. Білім бәсекесінде  оқушылардың функционалдық сауаттылық пен абстрактілі – логикалық ойлау дағдылары сыналды.

Бірінші кезең сырттай өтіп, математика, жаратылыстану, информатика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері пәндері бойынша үлгерімдерін бағалады.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында 92 білімгер, Алматы қаласындағы физик-математикалық Назарбаев Зияткерлік мектебінің және химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында 473 оқушы сынақ тапсырды.


Зияткерлік сайыс барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді.

Шалғай аудандардағы білім мекемелерінде мәселен, Ақсу ауданында Сәтбаев атындағы мектепте, Алакөл ауданы Үшарал  орта мектебінде, Балқаш ауданында Б. Бейсекбаев атындағы мектепте, Кеген ауданында №1 Кеген орта мектебінде, Панфилов ауданында Ы.Алтынсарин орта мектебінде, Ұйғыр ауданында №4 Шонжы орта мектебінде арнайы тестілеу пункттері қызмет етті. Осылайша облыстың түкпір-түкпіріндегі дарынды 247 бала зияткерлік сайысқа қатысып, өздерін көрсетуге мүмкіндік алды.

Айта кетейік, олимпиада қорытындысы бойынша, республикадан 5 және 6 сыныптарын бітірген 1000 жеңімпаз оқушысы өз білімдерін «Білім-инновация лицейі», Республикалық физика-математика мектебі және «Дарын» сияқты дарынды балаларға арналған жетекші мектептерде әрі қарай жалғастырады.

Олимпиадада жеңімпаз атанған республика бойынша 1000 оқушысының тізімі  www.fnn.kz  сайтында екінші кезеңнен өткен соң, 14 күнде жарияланады. Дәл осы сайтта олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің біріне өтініш бере алады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x