ҚазҰУ-де Үндістан күндері өтті

Dalanews 05 ақп. 2019 04:19 265

ҚазҰУ-да Үндістан Республикасының 70 жылдығы мен үнді халқының рухани көшбасшысы Махатма Гандидің туғанына 150 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті.

Олар еліміздің жетекші жоғары оқу орны мен Қазақстандағы Үндістан елшілігімен бірлесе отырып өткізілгенін айта кетуіміз керек.

Іс-шара «Үндістан күндері» атты Үнді мәдениеті мен әдебиеті фестивалінің ашылуынан басталды. ҚазҰУ-да Махатма Гандиді еске алу күні «Гандидің ойлары мен қанатты сөздері» атты кітаптың тұсау кесері өтті. Оны жарыққа шығарудың бастамашысы – ректор Ғалым Мұтанов ықпал еткенін айта кетуіміз керек. Бірегей кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басып шығарылды.

Махатма Ганди кезінде «Әлемді өзгерткің келсе, – өзгерісті өзіңнен баста», – деп айтқан болатын. Ол өзінің жоғары гуманистің көзқарастағы өмірлік үлгісімен елі мен әлемді өзгертіп, қайсарлығы мен рух күші арқылы өз халқының жүрегіне әділдік пен қайырымдылыққа деген сенім ұялатып, жарқын болашаққа жол бастаған», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Үндістанның  Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар өткізілген мерекелік шаралар үшін ҚазҰУ-ға шын жүректен алғысын білдірді. «Махатма Гандиді Үндістанда ғана емес, бүкіл әлемде құрметтейді. Оның адамгершілік пен қайырымдылыққа шақыруы бүгінгі күнге дейін өзекті болып отыр. Біз үшін кітаптың жарыққа шығуы аса маңызды оқиға және бұл біздің халықтарымыз арасындағы түсіністік пен рухани жақындасуына ықпал етеді. Үнді халқының ұлы өкілінің әдеби мұрасын зерттеу, әрине, қазақ  жастарына аса пайдалы болады», – деп атап өтті елші мырза.

Фестиваль Қазақстан мен Үндістан арасындағы нағыз мәдени көпірге айналмақшы. Шығыстану факультетінің үнді бөлімінің студенттері ұлы Махатманың қанатты сөздерін оқып, көпшілікті оның өмір жолымен және шығармашылығымен таныстырды.

ҚазҰУ-да былтыр Махатма Гандидің үнді зерттеу орталығы ашылып, Қазақстан-Үнді ақпараттық технологиялар орталығы бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеуде. Университет студенттері мен оқытушылары академиялық алмасу бағдарламалары бойыншаҮндістанның ЖОО-да тағылымдамадан өтіп, бірлескен ғылыми жобаларын жүргізуде. ҚазҰУ-ға Үндістан профессорлары дәріс оқу үшін шақырылады және Қазақстандық университетте жоғары білім алғысы келетін үнді студенттерінің қатары жыл сайын өсуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x