Ұшқыш болғың келсе, Азаматтық авиация академиясын таңда!

Dalanews 25 мам. 2016 22:30 481

Кезінде әрбір жас ұшқыш болуды армандайтын. Қазір елімізде сол арманды мүмкіндік туып тұр. Бүгінде Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы – жастарымыздың арманына қанат бітіріп, елімізде заман талабына сай ұшқыштар даярлау ісін жолға қойған бірден-бір оқу орны.

Бүгінгі заманда дамыған ел азаматтық авиациясын өркендетуге ерекше мән береді. Еліміз экономикалық тұрғыдан жан-жақты дамығалы бері азаматтық авиация саласына ерекше мән беріп келеді. Соңғы уақыттары Қазақстан өз жерімізде азаматтық авиация мамандарын даярлау ісіне ерекше көңіл бөліп отыр.

dalanews avia_kaz02Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Ұлы дала елінде бірнеше әуе компаниялар қалыптасып, жолаушыларға өз қызметін ұсынып келеді. Осылайша Қазақстан Орталық Азияда азаматтық авиация саласы дамыған елдердің көшін бастап келеді. Соңғы бірнеше жылдан бері бұл салаға қажетті мамандарды даярлау ісінде де ілгерілеушіліктер орын алып жатқанын атап айтуымызға болады. 90-жылдары мұндай күрделі мамандар даярлайтын оқу орындардың материалдық базасын жаңарту – ең өзекті мәселелердің бірі болды. Қазақстанның экономикалық әлеуеті артқалы бері азаматтық авиация саласына маман даярлау ісі біртіндеп шешілгенін байқау қиын емес. Біздің бұл сөзімізге таяуда ғана Азаматтық авиация академиясының жаңа оқу-жаттығу залы мен жаңа ұшақтар паркінің ашылуы айқын дәлел бола алады.  Сол бір айтулы шараға қатысқанымызда Азаматтық авиация академиясының ректоры Мұхтар Байжұманов былай деп ойын ортаға салған болатын:

– Бүгінде біздің академия жаңа оқу ұшақтары мен сапалы нұсқаушы құрамы, қазіргі заманға сай заманауи тренажер, халықаралық стандарт бойынша ұшқыштарды дайындайтын жаңа оқу орталығының тұсауын кесіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 100 нақты қадамда 5 институционалды реформаның орындалуы үшін бәсекеге қабілетті  мамандарды дайындауды жетілдіру қажеттілігін, ұшу қауіпсіздігі мен әуетасымалдауды мемлекеттік реттеу тиімділігін жақсартуды ерекше атап өткен еді. Бүгін біз сол алға қойған мақсатты орындадық. Енді біздер отандық азаматтық авиация саласына қажетті білікті мамандардың басым бөлігін өз жерімізде даярлап, саланың өркендеуіне өз үлесімізді қосатын боламыз, – деген еді.

Елімізде авиация мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны Азаматтық авиация академиясының түлектері 10 италиялық ұшағы мен 2 заманауи Airbus және Boeing тренажерлеріне ие болғаны белгілі. Боралдай аэродромында академияның 10 италиялық Tecnam маркалы оқу-жаттығу ұшақтарын жас ұшақтар тақымдарына басып, көк аспанда ұшып үйренетін мүмкіндікке ие болды. Бұл өз кезегінде академияның Еуропа елдеріндегі жоғары білікті ұшқыштар даярлауына кеңінен жол ашатыны сөзсіз. Сонымен қатар жаңа тренажерлер болашақ ұшқыштарға жер мен әуедегі түрлі жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін үйренуге көмегін тигізбек.

Осылайша академия қазақ жастарына зор мүмкіндік ашып отыр.

Ендігі жерде ұшқыш болуды бала кезінен армандаған жастарымыз академияға оқуға түсіп, армандарын шынайы өмірде ұштауға мүмкіндік алып отырғанын айтқымыз келеді. Сондықтан баласының білікті маман болуын қалаған кез келген ата-ана Алматыдағы Азаматтық авиация академиясын таңдап, баласының болашығын мәнді де, мағыналы қылуға мүмкіндік туып тұр.

dalanews avia_kaz 01Академияның жаңарған техникалық базасы жастарымыздың жоғары білікті маман болып қалыптасуына толықтай кепілдік береді десек болады. Сонымен қатар академияның оқытушылық құрамы да өздерінің біліктілігін заман талабына сай ұштап, балаларға терең білім беруге машықтанған. Бүгінде Азаматтық авиация академиясы  Еуропаның дамыған Испания, Финляндия, Литва елдеріндегі азаматтық авиация  саласына ұшқыштар даярлайтын оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, жан-жақты жұмыс істеп жатқанын атап айтуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстары Азаматтық авиация академиясының өз саласы бойынша Орталық Азияда көшбасшы оқу орынға айналғанын көрсетеді. Сондықтан азаматтық авиация саласының маманы болуды армандаған кез келген жас академияны таңдауына болады. Осы ретте академияның бөлім меңгерушісі Бауыржан Көрпешовті әңгімеге тартып, жаңа тренажерлер жайында сұрағанымызда:

– Тренажерге отырған кезде ұшақта қандай қимыл-қозғалыс болатынын толықтай сезінуге болады. Көтерілгені, құлдилағаны, бұрылғанын – бәрін шынайы өмірдегідей бастан кешесіз. Қалай ұштың, қайда бұрылдың, қандай жылдамдықта жүрдің, биіктігің қанша – осының бәрін карта есептеп береді. Сол бойынша қандай қателік кетті, соны түзеуге қайтадан мүмкіндігі болады, – деп жаңа тренажердің мүмкіндігін айтып берді.

Қазіргі таңда аталмыш оқу орнынан түлеп ұшқан талай түлектер, елімізді айтпаған күнде, дүниежүзінің бірқатар елдерінде әуе кемелерін тізгіндеп, көк аспанда самғап жүр. Жеріміз кең болған сайын әуе саласын дамытудың қаншалықты маңызы зор екенін түсінуге болады. Кең байтақ еліміз шағын авиацияны дамытуға сұранып тұр.

Бүгінде Азаматтық авиация академиясының базасында әуе саласына қажетті техникалық мамандарды даярлап, оларға арнайы сертификат беруге де күш салуда. Сонымен қатар  академия тікұшақты тізгіндейтін мамандарды даярлауды қолға алғанын атап айтуымыз керек. Әуе кемелеріне қызмет көрсететін білікті техник мамандарды осы киелі қара шаңырақтан түлеп, ұшып шығуда. Сондықтан академия отандық авиацияның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жатыр деп нық сеніммен айтуға болады.

Н.ӘУБӘКІР.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x