Порошенко: "Савченкодан кейін Қырым мен Донбасты да қайтарамыз"

Dalanews 25 мам. 2016 22:29 741



"Надежда Савченко Украина символына айналды", – деп мәлімдеді Украина президенті Петр Порошенко сәрсенбі күні Киев резиденциясында украиналық әскери қызметкердің босатылып, еліне қайтарылғаннан кейінгі сөйлеген сөзінде.





Порошенко Батыс елдеріне Савченконы босатуға көмектескені үшін алғысын жеткізіп, Украина "Надежданы қайтарып алған секілді, Донбасс пен Қырымды да қайтарады" деп мәлімдеді.

Порошенкомен бірге көпшілік алдына шыққан Надежда Савченко азаматтарды Ресейден қорықпай, тізе бүкпей, құқықтары үшін күресуге шақырды.

Савченко Киевке сәрсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин оған рақымшылық жариялағаннан кейін, Украина президентінің ұшағымен келді. Путиннің өзі айтқандай, ресейлік екі журналист Игорь Корнелюк пен Антон Волошиннің өлімі үшін айыпталған Савченкоға кешірім жасауды қаза тапқандардың ата-аналары сұраған.

Дәл сол күні Украина президенті Ресей азаматтары Евгений Ерофеев пен Александр Александровқа рақымшылық жариялады. Украина соты оларды терроризмге қатысы бар деп соттаған. Екеуі де Мәскеуге оралды. Путиннің баспасөз хатшысы Песковтың сөзінше, олардың президентпен кездесуі күн тәртібінде қарастырылмаған.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар