АҚШ-та «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіге қатысы бар деп танылған Өзбекстан азаматы Мұхаммад Шарифулла 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс Вирджиния штатының Шығыс округі бойынша федералдық сотында қаралды.
АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, Шарифулла бірнеше жыл бойы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының Ауғанстандағы «Вилаят Хорасан» бөлімшесіне қолдау көрсеткен. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2016–2025 жылдар аралығында аталған топ ұйымдастырған оннан астам шабуылға қатысы болған.
Министрлік оның террористік ұйым үшін барлау жүргізгенін, жанкештілерді тасымалдауға көмектескенін, қару-жарақпен жұмыс істегенін және содырлар арасындағы байланысты үйлестіргенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Шарифулла терактілерді насихаттық мақсатта пайдалану үшін видеоға түсіруге қатысқан деген айып тағылған.
Айта кетейік, 2024 жылғы наурызда Мәскеу облысындағы «Крокус Сити Холл» концерт кешенінде болған теракт салдарынан ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған еді.