Жаңа асфальт төселіп, артынша қайта қазылған: Шымкент тұрғыны жауапты мекемелерді сынға алды

Жаңа асфальт төселіп, артынша қайта қазылған: Шымкент тұрғыны жауапты мекемелерді сынға алды
Фото: Письма Президенту

Шымкент қаласының тұрғыны Байтұрсынов көшесіне жуырда ғана төселген жаңа асфальттың құбыр жөндеу жұмыстары үшін қайта қазылғанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, жөндеу жұмыстары Байтұрсынов көшесі мен Төле би көшесінің қиылысында жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жолдың бір бөлігі қазылып, жұмысшылар жылу немесе су құбырларын жөндеуге кіріскен.

"Жуырда ғана осы көшеге тегіс, жаңа асфальт төселген еді. Енді оны қайтадан қазып тастады. Бұл – біздің төлейтін салығымыздан жұмсалатын қаражат. Жаңа жолды осылай бүлдіргені үшін кім жауап береді?", – дейді тұрғын.

Ол құбыр желілерін асфальт төселмей тұрып жаңарту керек болғанын атап өтті. Сондай-ақ қазылған жер қайта жабылғанымен, уақыт өте келе жолдың шөгіп, шұңқыр пайда болу қаупі бар екенін айтты.

"Алдымен ескі құбырларды ауыстырып, барлық жұмысты толық аяқтап, содан кейін ғана асфальт төсеуге болмай ма еді? Енді бұл жер қайтадан шөгіп, жолда шұңқырлар пайда болады", - деді қала тұрғыны.