Жамбылдағы әуежай авиакеросинді қымбат бағамен сатып келген

Жамбылдағы әуежай авиакеросинді қымбат бағамен сатып келген
ЖИ: Dalanews.kz

Жамбыл облысындағы «Әулие-Ата» әуежайы авиакеросинді негізсіз жоғары бағамен сатып, монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік департаменті әуежайдың баға белгілеу саясатын тексеру барысында авиакеросинді сату кезінде бағаның негізсіз көтерілгенін анықтаған.

Алайда әуежай басшылығы тергеу қорытындысымен келіспей, оны бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда дауласқан. Соған қарамастан, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы монополияға қарсы орган жүргізген тексеру нәтижелерін заңды деп таныды.

Кейін Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында кәсіпорын өз кінәсін мойындаған.

Тексеру нәтижесінде заң бұзу арқылы алынған 25,2 миллион теңге көлеміндегі монополиялық табыс мемлекет кірісіне өндірілді. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабының 3-бөлігі бойынша әуежайға 3,2 миллион теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ монополияға қарсы орган кәсіпорынға заң бұзушылықтарды жою және авиакеросинге экономикалық тұрғыдан негізделген баға белгілеу жөнінде нұсқама берген.