Смағұлов: "Тәуелділік қажытып жіберді"

Dalanews 11 қаз. 2018 05:13 271

Бет ауған жаққа босып бара жатқан жоқпыз ба? Рубльге, оны қойшы Ресейге тәуелділіктен қалай арыламыз? Биліктің не білгені бар? Үкімет неге шарасыз отыр?



Алматыда өткен Kazakhstan Growth Forum-да осы мәселе сөз болды. Осы төңіректегі сауалдарға ашық жауап беруге тырысты сарапшылар.

Ашық әңгімеге сайланып келгендердің бірі вице – министр Ерболат Досаев. Сонау Астанадан арнайы жетті ол.

Елдегі экономикалық ахуалы турасында баяндама жасаған ол биліктің бұл тараптағы алда атқармақ жоспарымен бөлісе кетті.

Досаев: «Былай ойлаймын...»




Бізді тағы реформа күтіп тұр. Экономикадағы бағыт-бағдар өзгеріп, шикізаттан өзге салаларға басымдық берілмек. Досаев сөй деді.

Биліктің бизнеске көмек болар деп қабылдаған салықты төмендету шаралары нәтиже бермепті. Мемлекетке де қайыр болмаған, бизнес те оңала алмапты.

– Салықты төмендеткесін бизнестің тамырына қан жүгіреді деп топшылағанбыз.  Кәсіпкерлер көтерілсе бюджетке түсер түсім де артады деп армандадық. Жаңа жобалар жасалады деп күттік.


Онымыз жүзеге аспады. Бизнес аяғынан тұрса, тұрмыс та оңалар еді.  Әлеуметтік салаға бағытталатын қаражатты көбейтпек ойымыз болған. Бірақ, дамимыз деген дәмеміз, дағдарысқа барып күмп берді. Экономикалық дүмпу туғызады деген үміт біржолата үзілді, – деді  Досаев.

Қазір Қазақстан бюджетінің 44 пайызы әлеуметтік шығынға жұмсалады екен. Үш жылдан кейін бұл көрсеткіш 48 пайызға дейін көбеймек.

Биліктің инвесторды елге шақырып жатқан бастамасынан да қайыр болмай тұр. Бюджеттің инвестициядан түскен түсімі тым төмен. 14-ақ пайыз...


Осылай деген Досаев Үкіметтің ендегі кезекте неге үміт артып отырғанын айтты. "Қаржылық сектор мен ауыл шаруашылығына баса көңіл бөлеміз, бұйырса", – деді ол.

 

Ошақбаев: «Баяғы жартас, сол жартас қой»




Вице-министрдің сөзін орта жолдан бөлген экономист Рақым Ошақбаев бүгін де, ертең де, келешекте де оң өзгерістің болуы неғайбыл дейді.

– Алысқа бармай-ақ, алдағы бес жылға шолу жасайық.

Қазақстандағы банк жүйесінде не өзгереді деп ойлайсыз?  Ештеңе өзгермейді. Тағы бес жыл өткесін де біз оларды (банктерді) құтқарумен боламыз.


Бұл агросекторға да қатысты. Бұл саланы қанша рет құтқардық өзі?  – деді Ошақбаев.

Досаев бұған дайын болса керек. Жиынға қатысып отырған отандық бизнестің игі-жақсыларына шетелдік нарыққа шығуды ұсынды. Вице-министрдің айтуынша, әзір Қазақстандағы бизнестің 70 пайызы мемлекетке масыл.

– Иә, иә солай.

Қазақстандағы бизнес мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алуға қатысып, соларды игерумен ғана айналысып отыр. Көшпелі өмірге бейімделетін кез жетті.


Біздегі бизнестің 70 пайызы тендердің арқасында күн көріп отыр. Сыртқы нарықты игеріңіздер. Шетелдік нарыққа шығыңыздар, – деді кәсіпкерлерді көзімен бір шолып өткен Досаев.

 

Мәжібаев: "Биліктің не білгені бар?"




Досаевқа кәсіпкерлердің қарсы айтар уәжі бар екен.

– Дұрыс қой, көшпелі болған да қажет. Сыртқа нарыққа шықсақ кәсібімізге кесірі тимес. Тек өз еліңде тұрақтылық болмаса сол қиын, – деді олар.

Кәсіпкерлерді күйзелтіп отырғаны – теңгенің тұрақсыздығы екені осы арада айтылды.

Ұлттық валютаның күнбе-күн құбылуы елдегі ірі-ірі компанияларға басшылық ететін танымал кәсіпкерлерді әбден итшілеткенге ұқсайды


Қазақстандағы шырын өндіретін RG Brand компаниясының басшысы Қайрат Мәжібаев «көшпелі өмірге бейімделіңдер» деген Досаевқа қарсы сұрақ қойды.

– Сыртқы нарықты да игеріп жатырмыз. Күні кеше Өзбекстанда бөлімшемізді аштық. Мәселе онда емес. Ертеңгі күні Ресей мен Батыстың арасындағы санкциялық соғыс асқына түссе Қазақстан қайтпек? Биліктің не білгені бар? Үкіметтің бұған арналған қосымша жоспары бар ма өзі? – деді елдегі күллі кәсіпкердің ойын ортаға салған Қайрат Мәжібаев.

– Долларсыздандыру (экономикаға доллардың қатысуын шектеп, ұлттық валютаға басымдық беру) туралы айтқанда желдей есетін едік. Сөйткен доллар далада қалды.


Ендігі мәселе – рубльсіздендіруге тіреліп тұр! Таңертең ұйқыдан тұра теңге емес, рубльдің бағамына қарайтын болдық!  Ресейге салынған санкциялар Қазақстанды да оңдыртпады. Ресейлік факторға байланысты басымызды бәйгеге тіктік талай мәрте..., – деді ол бұған қоса.

Кәрібжанов: "Санкцияның сойқаны әлі алда" 




Мәжібаевтың сөзін кәсіпкер Айдан Кәрібжанов та құптай жөнелді. Айтуынша, әзіргі ахуалды өзгертуге біздің ел түк ықпал ете алмайды.

– Қолдан келер қайран жоқ. Мұнайдың бағасы, Ресейдегі оқиғалар , Батыс пен Мәскеудің арасындағы сауда соғысы бәрі – бәрі де Қазақстанды күйзелтіп жатыр. Екі түйенің ортасында шыбын өледінің күйін кешудеміз. 

Болашақты болжауға асықпайықшы осы. Дайындалу керек. Экономикамыздың астаң-кестеңі шықпасын десек, қосымша жоспар әзірлегеніміз жөн қазірден.


Санкцияның сойқаны әлі алда, – деді ол.

 

Смағұлов сыр берді ме? 




Кәсіпкерлердің көпшілігі көресіні доллардан емес, рубльден тартып отырған сыңайлы. Жиында рубльсіздендіру мәселесі әлденеше рет сөз болды.

Әдетте сыр білдірмейтін AstanaGroup басшысы, кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың өзі «тәуелділік шаршатып жіберді...», – деді ашынып.


Иә, солай деді ол.

- Ресейлік импортқа қатты, тым қатты тәуелдіміз. Жасырып жабары жоқ енді. Біз – тәуелдіміз. Рубльге тәуелділіктен арылсақ жөн болар еді осы. Ортақ келісім, ортақ бақылау болса осы арада. Ал қазіргі жағдай қандай? Ресей рубльдің бағамына өзгеріс енгізгісі келсе, бізден сұрамайды да. Бізбен ақылдасып та жатпайды. Біз әйтеуір ізінен ілесіп жүргеніміз, – деді Смағұлов.

Жиынды Айдан Кәрібжанов түйіндеді.

– Әрі қарай не боларын, не істерімізді білмеймін. Жардың жағасында тұрмыз. Мемлекеттегі, экономикадағы дағдарыс, нақты беталыстың жоқтығы бізге де жұқты. Біздің буын да дағдарыста.

Бес, он, он бес жылдан кейін қандай елде, қандай мемлекетте өмір сүретін боламыз? Экономикалық бағыт-бағдарды әлі күнге анықтаған жоқпыз.


Осы мәселенің басын ашып айтатын кез жетті, – деді ол.

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x