Ерлан Біләл дауы: Әртістің көз жасына кім сенеді?

Dalanews 11 қаң. 2018 06:19 305

 Әуезов атындағы театр директоры Ерлан Біләлге пара ретінде 1,5 млн. теңге ұсынылып, басы дауға қалған. Әзір әлеуметтік желідегі қауым екіге жарылған.

 Бірі – Ерланды қолдаса, енді бірі күмәнмен қарап отыр оған. Күні кеше Асанәлі Әшімов пен Нұрлан Оразалин бастаған бірнеше өнер адамдары араша түсті Ерланға.

Асанәлі аға інісін жаманатқа қимайтынын ашып айтты.  

Ерлан Біләлдің басқа да әріптестері өлең оқып, көз жасына ерік бергеніне  куә болдық. Дұрыс қой. Араша түскені орынды.
Бірақ көз жасын көл қылып заң орындарының жұмысына "ықпал" ету қазіргі заманда ақылға сыя ма?

Басқа адам жыласа бір жөн. Басқа адам жыласа сенер едік. Ал әртістің сахнадан бөлек мінбеде тұрып жылағанына кім сенеді?
Актерлік шеберлік пен шынайылықтың аражігін ажырату қиын мұндайда...

Егер істі болған адамның әрбір жақтаушысы сот орындарына жылап барып, "қысым" жасай берсе, айыпты адамның бәрі жазадан құтылып кете бермей ме?

Керек десеңіз, бұл іске Асанәлі ағамыздың араласуы артықтау болған сияқты. Ата сақалы аузына түскен абыз адамды "адвокат" қылудың не қажеті бар?

Ерланды қолдаушылар оны әлдекімдердің арандатқанын айтып, оған араша түсуде.

Біздіңше, Ерлан Біләлді әлдекімдер арандатып, аяқтан шалатындай үлкен саяси тұлға емес. Өнер адамы, әртіс әрбірден соң. Бұған біздің жүйені жетік білетін жандардың сене қоюы екіталай. Ал мәдениет саласында еңбек етіп жүрген әріптестері театр директорына қастық ойлайды дегенге аузың бармайды. Бірақ, кім білген...

Осы бір дау-шарды сырттан бақылағанда еліміздегі өнер және мәдениет саласындағы қайраткерлердің өздерін қорғауға дәрменсіз екеніне көзің жетеді.
Алдыға мүйізі қарағайдай ағаларды салып, соңынан іні-қарындастың жылап-сықтауы алты қырдың астында қалған ескі тәсіл емес пе?

Жамандық шақыру әрбірден соң. Біләлдің көзі тірі. Түрмеде емес, үйде. Итжеккенге айдалған жоқ. Ол заман келмеске кеткен.

Бұл күрес емес, анығында. Бәлкім, басқа жолмен жүрген жөн шығар. Заманауи жолмен, демократиялық жолмен...

Әзір Ресейде «Гоголь-центр» театрының жетекшісі Кирилл Серебренниковке қарсы іс жүріп жатыр. Онда да әртістер әріптесін қорғауда.
Бірақ біздікілер сияқты өлең оқып, жылап-сықтап жұрттың эмоциясымен ойнаған әртісті көрмедік.

Серебренниковтың төл туындысы атышулы «Нуриев» спектаклін сахналаған әріптестері сахнаға режиссердің суреті бейнеленген жейделерді киіп шықты күні кеше. Театрдың алдында күнде митинг. Серебренников әзір үй қамақта. Анығы, оны Біләлға қарағанда әлдеқайда ауыр жаза күтіп тұр.

Бірақ оның әріптестері күресті тоқтатқан жоқ. Қайта бұл істі саясиландыруға тырысуда.

«Егер Кирилды абақтыға қамаудың артында оны шығармашылығы тұрса бір адым кері шегінбейміз. Ал егер қаржылық қылмысқа шатылғаны рас болса, онда біздің бұл іске араласуға қақымыз жоқ», – дейді  Серебренниковтың әріптестері.

Білсек, Серебренников - еркін ойлы либералдардың көрнекті өкілі. Оның жақтастары «билік Серебренниковты соттап, сол арқылы либералдарға қыр көрсетуде» деп жорамалдайды.

Біздегі жағдайға қайта оралсақ. Егер Ерлан Біләлдің өмірдегі достары, өнердегі әріптестері айтқандай театр директорына әлдекімдер тұзақ құрғаны рас болса, бұл біздің құқық қорғау және заң орындарына үлкен соққы болатыны сөзсіз.
Мұны жылап-сықтаумен, өлең оқумен дәлелдей алмайсың, бірақ.

Бәріміз білеміз, жылап-сықтаудың арты әдетте Назарбаевтан араша сұраумен аяқталатынын...

 

 

Нұрлан ЖҰМАХАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x