Біз өрт сөндіріп жатқанда кезде «диван сарапшылардың» түрлі жазба жазатыны қынжылтады – Нұрсұлтан Баймұғанбетов өрт сөндіруші

Dalanews 15 қар. 2023 08:33 1428

Бейбіт күннің батырылырның бірі һәм берегейі Баймұғанбетов Нұрсұлтан Мақсатұлы. Ол 2019 жылдан бері өртке қарсы қызмет саласында еңбек етіп келеді. Бұл салаға келуіне бала күніндегі оқиға себеп болған. Оның айтуынша, сол бір күннен бастап ол өрт сөндіру саласында адал қызмет етіп, адамдарды құтқарып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді армандаған. Бұл оның марқұм әкесінің де арманы болған екен. Осы орайда Нұрсұлтан Баймұғанбетовтің өзімен сөйлесіп, қызметінің қиындығы мен артықшылығы және оның өрт сөндіру саласына келуіне әсер еткен бала күніндегі оқиға жайлы сұрадық.

– Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз?

– Өрт сөндіру саласында қызмет ету – бала күнгі арманым деп айта аламын. Оған кішкентай кезімдегі бір оқиға себеп болды. Көршілеріміздің үйінен өрт шығып, өртсөндірушілер біздің ауылымызға тез арада келген болатын. Ол кезде, әрине, білген жоқпын, бірақ өртсөндірушілер ауылымыз алыста болса да өте жылдам қозғалып, тез келген екен. Олар бірден өртті сөндіре бастады. Шынымды айтсам қатты таңғалып, қызығып та қарап қалдым. Себебі, біз бәріміз өрт кезінде үйге жақындаудың өзіне қорқып тұрсақ, өртсөндірушілер еш нәрседен қорықпай, адамдарды құтқара бастады. Сол кезде олар мен үшін еш нәрседен қорықпайтын, батыл адамдар ретінде көрінді. Олардың өрт сөндіріп, адамдарды құтқарғанын өз көзіммен көріп, сол сәтте өртсөндіруші болғым келіп, армандадым. Сол арманыма жеттім деп ойлаймын.

– Қызығы мен қаупі қатар жүретін төтенше жағдайлар саласын таңдаған кезде қандай да бір қорқыныш болмады ма?

– Кез келген адамда қандай да бір бастамасында қорқыныш болары сөзсіз. Менде де ол сезім болды. Бірақ ол кезде менің ең басты қорқынышым – мені өртке қарсы қызмет саласына жұмысқа алмай қояды-ау деген ой ғана болған шығар. Басқа ауыз толтырып айтарлықтай қорқыныш болмады.

– Төтенше жағдайлар саласының артықшылығы мен қиындықтары жайлы әңгімелеп берсеңіз?

– Өртке қарсы қызметтің мен үшін артықшылығы – бұл еліміздегі №1 қызмет. Яғни, кез келген төтенше жағдайда біз адамдарды құтқарудағы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі №1 қызметпіз. Ал қиындығына келер болсақ, ол кез келген жұмыста болады. Ал біздің – өртке қарсы қызмет саласы мамандарының жағдайында қызыл жалынды сөндіріп жатқан кезде, адамдарды құтқарып жатқан кезде «диван сарапшылар» біздің жұмысты терістеу үшін әр түрлі нәрсені жазып жатады. Мен үшін ең қиыны, қынжылтатыны сол ғана шығар.

– Қандай да бір төтенше жағдай туралы хабар түскенде ең алдымен не ойлайсыз?

– Қандай да бір хабар түскен кезде ең алдымен «адам шығыны болмаса екен, адамдар аман болса екен» деп ойлайсың. Өртсөндірушілер келгенше адамдар зардап шегіп қалмаса екен дейсің. Бастысы сол.

– Қызмет кезінде басыңыздан өткен ірі оқиға туралы айтып берсеңіз? Қашан, қай жерде болған еді?

– Менің тәжірибемдегі ең алапат жағдай – 2021 жылдың қазанында болған жағдай. Ол күні Қорам шатқалында өрт шыққан болатын. Бұл сол кездегі Алматы облысы (қазіргі Жетісу облысы) аймағындағы Текелі қаласында орналасқан. Қызыл жалын орманнан шықты. Өртті бес-алты күн бойы сөндірдік. Себебі ол аймаққа техниканың жетуі қиын болды. Қылқан ағаштар өртенді. Табиғат шығыны өте көп болды. Өртті сөндіру үшін тікұшақтар жұмылдырылды. Сонымен қатар, жеке құрам көптеп жұмылдырылды. Бес күнде өртті сөндірсек те сол кезде орман, табиғат үшін уайымдадым. Себебі ағаш көп өртеніп кеткендіктен шығын көп болды.

– Төтенше жағдайлар саласын кетемін деген ойлар болмады ма?

– Өрт сөндіру саласынан кету туралы ой болған емес. Себебі арман жолыма ұзақ жеттім. Арманыма жеттім. Енді ғана қызметке кірген кезде жалақы аз болатын. Сол кезде туыстарым, жақындарым, тіпті ата-атанам да райымнан қайтарып, «ол жұмыстан кетсеңші» деген кездері де болған. Бірақ мен ол ойдан бас тарттым. Себебі өрт сөндіру қызметі – менің арманым болатын. Ал мен арманымнан бас тартпайтын адаммын.

– Бұл саладағы қызметкер қандай қасиеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз?

– Өрт сөндіру қызметінің маманы болу үшін ерік-жігерлі, батыл болу керек. Сонымен қатар, физикалық тұрғыда дайын болу қажет. Бұл қасиеттің бәрі ең алдымен сенің жұмысың – адамдарды құтқарып, азаматтық қорғанысқа жауапты болу керегін түсіну үшін қажет. Үйден, жертөледен өрт шығып жатады. Сол кезде ештеңеге қарамай, өрт шыққан жерге кіріп кете алатындай батыл болу қажет. Әртүрлі жағдай болады. Физикалық дайындық аса маңызды. Себебі өрт сөндіру саласы – физикалық тұрғыда мықты болуды талап етеді. Сонымен қатар, адам психологиялық тұрғыда кез келген жағдайға дайын болуы керек. Себебі кейде өрт туралы хабар кеш түсіп, біз үлгермей қалатын кез болады. Немесе түнгі уақытта да көп өрт болады. Адам шығыны болатын жағдайлар болады. Соның бәріне маман ретінде дайын болу керек.

– Төтенше жағдай кезінде азаматтар бірінші не істеуі қажет: өрт кезінде, суықта қалғанда, су тасқыны немесе жер сілкінісі кезінде т.б. жағдайларда, жеке-жеке кеңес бере аласыз ба?

– Апат кезінде адам сасқалақтамауы керек, ең алдымен сабыр сақтау қажет. Өзінің өмірін сақтап қалудың жолын табу керек. Өрт қауіпсіздігін сақтау керек. Мейлінше үйде кәмелетке толмаған, кішкентай балаларды қалдырмаған жөн.

– Төтенше жағдай қызметкері болу сіз үшін не берді?

– Мен үшін өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеу – үлкен мақтаныш пен абырой. Себебі марқұм әкем менің өрт сөндіру қызметінде жұмыс істегенімді қалайтын. Сондықтан мен ең алдымен әкемнің және өзімнің арманымды орындай алдым деп ойлаймын. Сондықтан бұл мен үшін үлкен мақтаныш.

Сұхбаттасқан Айнұр ЖҰМАХАН

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x