Партиялықтар анықтағандай, аталған ауылдарда «Көлсай Строй» ЖШС-ы ұзындығы 42,3 км болатын су құбырын салуы керек еді. Алайда, құбыр пайдалануға қабылданбады. Себебі оны салу кезінде құрылыс талаптары бұзылған.
«Су келеді деп үміттенген көптеген тұрғын өз учаскесіне құбыр жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған, тіпті сол керек-жарақ заттарды алу үшін қарызға да батты. Алайда, қазіргі уақытта нақты мердігердің болмауына және көптеген кемшіліктердің орын алуына байланысты су құбырын пайдалануға беру мүмкін емес. Шеңберталдағы су сорғы стансасы – осы ауылда алғаш рет салынған нысан. Жұмысына жүрдім-бардым қарайтын шенеуніктер тұрғызған су мұнарасы бүгінде сыбайлас жемқорлықтың символына айналды», – деді партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақова.
Бұған жауап ретінде Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров «Көлсай Стройға» қатысты сотқа талап арыз жолданғанын хабарлады.
«Айта кету керек, 2022 жылы су құбыры сынақ режимінде қосылды. 1 сәуірден бастап электр энергиясының берешегіне байланысты су беруді тоқтатты. «Көлсай Строй» екі айдың ішінде барлық кемшілік жойылады деп сендіріп отыр.
Қыркүйек айына дейін толық пайдалануға беріп, облыстық коммуналдық меншікке өткіземіз. Біздің комитет бүкіл республика бойынша осындай нысандардың тапсырыс беруші болып табылады, сондықтан да барлық жердегі құрылыс жұмыстарын қадағалап үлгермейміз. Бізде осы жұмыспен айналысатын тек 4 маман бар», - деді ол.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов тапсырыс берушінің атқаратын қызметі Су ресурстары комитетіне тән емес екенін алға тартты. Өйткені олар Астанада отырып құрылыс сапасын бақылай алмайды. Сондықтан ол қолданыстағы жұмыс тәртібін қайта қарауды ұсынды.
«Бұл мәселені ешкім көтерген жоқ, тіпті, партияның аудандық филиалы да үнсіз отыр. Жеке өзіңіз барып, су құбырын пайдалануға бергенше сол жерде отырыңыз. Адамдардың сусыз қалай өмір сүріп жатқанын өз көзіңізбен көріп, сол жерде тұрып көріңіз. Шілде айының соңына дейін ауыл тұрғындары құбырмен келетін судың игілігін көруі керек», - деді ПБК мүшесі Майра Айсина.
Жиынға қатысушылар қоғамдық резонансқа қарамастан мәселені шешуге асықпаған «AMANAT»-тың Ырғыз аудандық филиалының сылбыр әрекетін де сынға алды.
«Аталған мәселе өңірлік сайлауалды бағдарламаға және оны іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілмеген. Бұл жергілікті халықтың проблемаларын зерделеу бойынша облыстық және аудандық филиалдардың жұмысында айтарлықтай кемшіліктің бар екенін дәлелдейді. Сонымен қатар партияның аудандық филиалы бір жарым жыл ішінде іс жүзінде тиісті мемлекеттік органдарға бірде-бір хат жібермеген, ал партияның Орталық аппаратына орын алған жағдай туралы ақпарат уақтылы жеткізілмеді», - деп атап өтті партия хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Жиын соңында Комитет «AMANAT»-тың Ырғыз аудандық филиалының Атқарушы хатшысын, Ырғыз аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасын және Ақтөбе облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасын партиялық жауапкершілікке тартуға қаулы етті.